Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Әкімдіктің тыйымына қарамастан, Ақтаудағы православ зиратында ескі бейіттердің орнына жаңасы қойылуда

AstanaTV
19.04.2018ж. 20:00
4067
Әкімдіктің тыйымына қарамастан, Ақтаудағы православ зиратында ескі бейіттердің орнына жаңасы қойылуда

Ақтауда адам сенгісіз оқиға. Неля Филонова 37 жыл бұрын жерленген әкесінің зиратына қаңтарда өзге біреудің жерленгенін анықтапты. Ал әкесінің сүйегі қайда? Осы сұраққа жауап таба алмаған қала тұрғыны енді құқыққорғау органдарына арызданбақ. Тілші материалында толығырақ.

Ақтаулық Неля Филонова өзін тәрбиелеп өсірген өгей әкесіне дұға оқу үшін зират басына келген. 37 жыл бұрын жерленген жерде өзге біреудің құлпытасы пайда болыпты. Ал әкесінің құлпытасы зиратынан бірнеше қадам жерде жатыр. Неляның қолында оның осында жерленгенін растайтын суреттер де бар.

Неля Филонова:

Мына суретте дәл осы қоршау тұр. Сол күні жерлеу рәсімі болды. Мыналар болған, ал ортасы бос болатын. Біз осы жерге жерледік. Мұнда орындық, үстел, құлпытас пен металлдан жасалған ескерткіш болған. Жерлеу рәсімінің суреттері де бар.

Ал, наурыздың 1-інде тағайындалған зират басшылығы болса, оқыс оқиғадан бейхабар. Дегенмен мұндай деректер кездесіп тұрады деді. Сорақысы сол, оқиға әкімдіктің тыйымына қарамастан жиі қайталанады деп қынжылды.

Жанна Талан,  Ақтау қалалық православ зиратының директоры:

Анау 81 жыл, ал мына жерде 94 жыл деп тұр. Қоршаулардың арасында жаңа қабір пайда болған. Жаңа ғана жерленген. Ал мына жердегі ескі бейіттің қайда кеткені белгісіз. Әкімнің 2017 жылғы бұйрығы бар. Оған сәйкес бұл зиратта орын жоқ.

Зираттың бұрынғы басшылығы ескі қабірлердің орнына жаңасын жерлеу деректерінің бар екендігін жасырмайды. Николай Лондаревтің пікірінше, бұл жерде қылмыстық ештеңе жоқ.

Николай Лондарев, Ақтау қалалық православ зиратының бұрынғы директоры:

Сұраныс болса, ұсыныс та болады. Егер адамдар сол маңға жерлеуді қаласа, әйтеуір амалын тауып, қояды. Меніңше, бұл жерде криминалдық ештеңе жоқ. Өзіме келсем, тексермегенім, қарамағаным рас. Алайда маған оның әрбірін бақыла деген талап та қойылмады.

Өз кезегінде Неля Филонова жерленген әйелдің туыстарын да анықтапты. Олардан қабірді босатуды талап етіп отыр. Ал, өгей әкесінің сүйегі қайда жоғалып кеткенін құқық қорғау органдары арқылы білуге ниетті. Келіншек жергілікті әкімдік пен прокуратураға арыз жазған.