Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Сабақ үстінде көз жұмған оқушының жүрегі тоқтап қалған

AstanaTV
19.04.2018ж. 20:00
2857
Сабақ үстінде көз жұмған оқушының жүрегі тоқтап қалған

Ақтөбеде 8 күн бұрын мектепте ажал құшқан он жасар қыздың жүрегі тоқтап қалған. Дәрігерлер осылай деп отыр. Дегенмен мұғалімдер мен баланың анасы жедел жәрдем кешігіп келгенін айтады. Оқиғаның мән-жайын Жақсыбек Кемал  анықтап көрді.

Жақсыбек Кемал,  тілші:

10 сәуріде болған қайғылы оқиға жалпақ жұртқа енді ғана жария болып жатыр. Анасының айтуынша, сол күні 10 жастағы қыз бала үйінен көңілді шыққан. Тіпті циркке бару үшін ата-анасынан ақша сұрап алыпты. Алайда оның денесі үйіне бір күннен соң мәйітханадан жеткізілген.

Мұғалімдердің айтуынша, түскі ауысымда оқитын қыздың жағдайы бесінші сабақта нашарлай бастапты. Мектеп басшылығы медбике алғашқы көмек жасағанын айтады. Олар бұған дейін де оқушының сабақ кезінде денсаулығы сыр бергенін айтты. Мұғалімдер жедел жәрдем уақытында келгенде аман қалар ма еді деп отыр.

Айгүл Қайболдина, №38 орта мектеп директорының орынбасары:

Жедел жәрдеммен кетті. Ол жедел жәрдем 20 минуттан кейін келген. Негізі бір рет кездескен дейді осындай ауырып қалғаны жөнінде. Одан кейін осы екінші тағы да болып тұрғаны.

Бүгін облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері мен мектеп басшылығы БАҚ өкілдеріне жағдайды түсіндірді. Дәрігерлер сабақ үстінде талып қалған оқушыға көмек дер кезінде жетті деп отыр.

Алайда оны ажалдан арашалап қалу мүмкін болмапты.

Светлана Есенаманова, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Жедел жәрдем көмекке вызов түскеннен 14 минут ішінде жедел көмек өз уақытында болды. Норматив бойынша звонок түскеннен кейін 15 минутта болу мүмкін. Айтылған 18 рет звондады деген дәлел емес. Балада ешқандай ауру, пороктары, жүрек ауруы анықталмаған. Сол себепті оның диагнозы - внезапная сердечная смерть.

Бірақ марқұмның анасы да болған жайтқа жедел жәрдемді кінәлайды.

Зәуреш Ерғалиева, марқұмның анасы:

Менің өзім үш рет қоңырау шалдым. Келген жоқ. Тұтқаны көтермеді де. Жедел жәрдем келгеннен кейін ондағы ер адам тіпті не істерін білмей тұрды. Қасында бір қыз болды. Мұғалімдер оларға: «оттегі қапшығын беріңіздер», - деп, айқайлап жатты. Ал жедел жәрдем қызметкерлері таба алмай, абдырап қалды. Не істеу қажеттігін білмеді. Бұл не қылған жедел жәрдем? Ертерек келгенде тірі болар еді.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Қазір бала өлімі бойынша сараптама тағайындалған. Оның қорытындысы осы айдың аяғында белгілі болмақ.

Жақсыбек КЕМАЛ