Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Дауылда мүліктері бүлінген астаналықтардың шығынын сақтандыру компаниялары өтейді

AstanaTV
23.05.2018ж. 20:00
2537
Дауылда мүліктері бүлінген астаналықтардың шығынын сақтандыру компаниялары өтейді

Астанада болған алапат дауылдан жеке мүліктері бүлінген тұрғындардың шығынын сақтандыру компаниялары өтеп береді. Бұл туралы бүгін дауыл салдары туралы БАҚ өкілдерін хабардар еткен мамандар айтып берді. Нақты қанша көліктің бүлінгені әлі де анықталып жатыр. 80-ге жуық астаналық тұрғын сақтандыру компаниясына жүгініп үлгерген. Оларға тиесілі қаржы шамамен 78 миллион теңгені құрайтыны мәлім болды. Шығын көлемі арта түсуі мүмкін.

Еркін Отарғалымұлы, Астана қаласы ТЖД бөлім басшысы:

Егер зардап шеккен нысан сақтандырылса, онда сақтандыру компаниясы есебінен өтелетін болады. Сақтандырылмаса, көрсетілген тәртіпте қарама қайшылықтар туындаса, сот органдарына жүгінуге болады. 

Дауыл басталған сәттен бастап 5 сағат көлемінде құтқару қызметтеріне 875 қоңырау түскен. Қазгидромет мамандары мұндай жағдай кенеттен болып, көпке созылмайтынын айтады. Сондықтан алдын-ала болжау да қиындық тудырған. Оның үстіне тиісті құрылғының болмауы жағдайды қиындата түскен. 

Астана қалалық ТЖД берген ақпаратқа сай, қала бойынша 9 290 метр қоршау құлаған. 23 әлеуметтік нысанның шатыры мен қабырға жабындысы бүлінген. Тағы 24 тұрғын үйдің шатырына зиян келіпті.  Бүлінген заттарды қалпына келтіруге кемінде 235 миллион теңге қаражат керек. 

Дүлей дауыл Қызылжарды да айналып өтпеді. Кеше кешқұрым қатты желдің кесірінен құрылыс алаңындағы кран құлап, жол қозғалысын бөгеп тастады. Төтенше жағдай қызметі мамандарының айтуынша, бұған тіреуіштердің мықтап бекітілмеуі себеп болған. Қаусап тұрған ағаштар құлап, екі жеңіл көлікті зақымдады.  Абырой болғанда, адамдар аман. Сондай-ақ, дауыл 4 ғимараттың шатырын ұшырып әкеткен. Шығын көлемі есептеліп жатыр.

Дмитрий Растихин, Петропавл қаласы ТЖБ басшысы:

Қолайсыз ауа райының салдарынан 5 ауданда жарық сөніп қалды. Түнде трансформаторлар қалпына келтіріліп, электр жарығы үйлерге қайта берілді. Дауылдан зардап шеккен көлік иелері өтемақыны сақтандыру компанияларынан алады.