Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

СІМ-нің экс-жауапты хатшысын тінту кезінде 1,5 млн доллар тәркіленді

AstanaTV
24.08.2018ж. 20:00
3707
СІМ-нің экс-жауапты хатшысын тінту кезінде 1,5 млн доллар тәркіленді

Сыртқы істер министрінің экс-жауапты хатшысы Анарбек Қарашевті тінту кезінде 1,5 млн доллар тәркіленді. Бұл туралы Жемқорлыққа қарсы агенттік басшылығы хабарлады. Қазіргі уақытта Қарашевтің және министрліктің бірнеше лауазымды қызметкері үстінен қылмыстық тергеу жүріп жатыр. Былтыр тұтқындалған шенді мемлекеттік қызметкерлерді шетелге іссапарға ұшыру үшін билеттерді жиенінің компаниясы арқылы сатып алып отырған. Осылайша, комиссиялық төлемді асыра көрсетіп, бюджеттен бөлінген ақшадан 9,8 млн теңге жымқырған деген күдік бар. Оған қоса, Өзбекстандағы елшілік ғимаратын күрделі жөндеу кезінде атқарылмаған жұмыс үшін жалған есеп беріп, 70 млн теңге иеленген деп айыпталып отыр. Осы іске қатысы болуы мүмкін министрліктің өзге де қызметкерлері тергеліп жатыр.

Олжас Бектенов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы агенттік төрағасының орынбасары:

Қарашевті тінту кезінде 1,5 млн доллар тәркіленді. Қарашев қоластындағы қызметкерлерге "қамқорлық" танытқаны үшін жүйелі түрде ірі көлемде пара алып отырған деп айыпталады.

Жемқорлыққа қарсы агенттік бүгін Сыртқы істер министрлігінің "шаңын қақты". Кейбір дипломаттар ұсақ бұзақылығы үшін ұсталып жатыр. Жол апаты кезінде көлікті зақымдап, шығынын өтемей қашып жүрген елшілік қызметкеріне жәбірленуші Астана тұрғыны шағымданған.

Олжас Бектенов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы агенттік төрағасының орынбасары:

Сингапур елшілігіндегі консулдың екінші хатшысы Алдамжаров 1,5 жыл бұрын Астанда Ғабиденованың көлігін қағып, кінәсін мойындап, шығынды қаржылай өтеймін деген. Техникалық паспортын тастап кеткен. Бірақ ақшаны әлі төлемеген. Жәбірленуші бізге шағымданып, сканерленген құжаттарды әкеліп көрсетті.