$520.27 €537.65 ₽5.24
×

Атырауда жұмысшылардың құқығын қорғайтын бас инспектор парамен ұсталды

AstanaTV
28.03.2016ж. 20:00
1593
Атырауда жұмысшылардың құқығын қорғайтын бас инспектор парамен ұсталды

Атырауда қос шенеунік ұсталды. Басқа емес, жұмысшылардың құқын қорғайтын Атырау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясының басшысы Салауат Ищай мен оның орынбасары Әліпқали Дәулетияров ірі көлемде пара алып жатқан сәтінде қолға түскен. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет ұлттық бюросының қызметі жазбаша хабар таратты.

Құзырлы мекеменің дерегінше, қос шенеунік ірі көлемде параны 2014 жылдан бері жүйелі алып келген деген күдікке іліккен. "Олар өз құқығын асыра пайдаланып, қауіпсіздік және еңбекті қорғау бойынша оқудан өткен қазақстандық және шетелдік азаматтардан куәліктер мен сертификаттарды тездетіп беру және оларға қолдау көрсету үшін пара алып отырған. Оның көлемі айына 300-400 мың теңге аралығында болғаны анықталды,- делінген баспасөз хабарламасында.

Қазір қос шенді Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабына сәйкес тұтқындалып, Атырау қалалық ІІБ-нің уақытша ұстау орнына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ