Әлемдік
экономикадағы күрделі ахуалдың салқыны Қазақстанға айтарлықтай зардабын
тигізбеді. Ресейдің ТАСС
агенттігіне сұхбат берген премьер-министрдің
бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев осылай деді.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрінің
бірінші орынбасары:
«Шұғыл
қабылданған шаралардың арқасында ағымдағы жылы экономикалық өсім қарқынында
қатты бәсеңдеу болған жоқ. Іскерлік белсенділікте, әсіресе шағын-орта бизнес саласында жандану байқалды.
Монополияға қарсы саясат және бәсекелестік, әкімшілік реттеу мен сауда-саттықтағы кедергілерді азайтуда көптеген ілгерілеушіліктерге қол жеткіздік».
Бірінші
вице-премьер өз сұхбатында интеграция тақырыбына тоқталып, Еуразиялық экономикалық одақтың жұмысы жайлы пікір
білдірді. Оның айтуынша, одаққа мүше болу Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктерге жол
ашты. Әсіресе, жүк тасымалы, отандық өндірушілердің тауарын шетелге экспорттау
бойынша. Сондай-ақ электр энергиясы
өндірісіне айрықша тоқталды.
Бақытжан
Сағынтаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
«Электр энергиясы нарығын құрылымдау 2019
жылға қарай толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Қазақстан үшін бұл өте
маңызды. Экспорттық потенциалын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Болжам бойынша, 2030 жылы электр қуатын өндіру 6 млрд киловатт-сағаттан асады. Яғни жыл сайын
экспорттан қосымша 300 млн АҚШ валютасы көлемінде табыс түседі. Мұнан бөлек,
батыс аймақтарымызды ресейлік желілер арқылы қуатпен қамтамасыз ете
аламыз».
Базаргүл ОТЫНШИЕВА