Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Астанада 192 түлек ұлттық компаниялар мен мемлекеттік органдарға жұмысқа орналасу үшін тағылымдамадан өтуде

AstanaTV
11.08.2015ж. 20:00
1339
Астанада 192 түлек ұлттық компаниялар мен мемлекеттік органдарға жұмысқа орналасу үшін тағылымдамадан өтуде

Астанада 192 түлек ұлттық компаниялар мен мемлекеттік органдарға жұмысқа орналасу бойынша тағылымдамадан өтуде. Бұл «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының «Сәтті қадам» жобасы аясында жүзеге асырылып отыр. Аталған жобаның екінші кезеңі бастау алды.

«Жас Отан» жастар қанаты хатшылығының басшысы Аян Сақошевтың айтуынша, жоба үш жүзге жуық ұйым тарапынан қолдау тапты. Әңгімелесу барысында үміткердің оқу кезіндегі үлгерімі, қоғамдық жұмыстарға, олимпиадалар мен түрлі байқауларға атсалысуына, шет тілдерін меңгергеніне мән беріледі. Үздік деп танылған жас кадрлар өздері таңдаған мемлекеттік ұйымдар мен ұлттық компанияларға үш айға тәжірибеден өтуге жіберіледі. Ал сынақтан сүрінбей өткендер сол ұйымдарға тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болмақ.

Айта кетерлігі,  биыл республика бойынша жобаға мыңнан астам үміткер қатысуға ниет білдірген. «Жас Отан» жастар қанаты жетекшісінің мәліметіне сай, 3 айдың қорытындысы бойынша 100-ге жуық адам өздері тәжірибеден өткен мекемелерге қызметке орналасқан.

Аян Сақошев, «Жас Отан» жастар қанаты хатшылығының меңгерушісі:

«Сәтті қадам» партиялық жобасының екінші кезеңі басталуда. Яғни осы үш күн бойы бізде 190-нан аса жастар келіп, осы әңгімелесуден өтетін болады. Негізгі бағыты - осы әңгімелесудің нәтижесі бойынша ұлттық компаниялар мен мемлекеттік органдарға бізде осы тағылымдамадан өтетін жастарды бағыттау. Біз осы жастардың білім деңгейін, сонымен қатар олардың осы жобаға қызығушылығы деңгейін қарастырып, әңгімелесу нәтижесі бойынша, оларды тағылымдамадан өтуге жолдап отырамыз.

Жұрағат БАМАН