Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Алматы облысында өзендердің тасу қаупі артып келеді

AstanaTV
13.06.2016ж. 20:00
3277
Алматы облысында өзендердің тасу қаупі артып келеді

Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарында өзен суларының тасу қаупі  артып отыр. Өткен демалыс күндері Алма Арасан шатқалынан келетін Үлкен Алматы өзені арнасынан асып кетті. Судың көлемі екі есе артып, Дулати көшесінің біраз бөлігін шайып кеткен. Ал Шығыста Ертістің суы да біршама көтерілді. «Қазақ селден қорғау» мекемесінің мамандары бұл аумақтарды бақылауда ұстағанымен, жағдай күннен күнге қиындап барады. Төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері, бұған ауа райының қолайсыздығы мен аптап ыстықтан еріген мұздықтар себеп болды, деп есептейді.

Синоптиктер Алматыда маусымның алғашқы жартысы ыстық болады деп болжаған еді. Осы күндері шаһарда ауа температурасы 38-40 градусқа дейін көтерілді. Салдарынан қаланы жарып өтетін Үлкен Алматы, Есентай, Қарғалы және Кіші Алматы өзендеріндегі су деңгейі күрт көбейген. Мамандар тұрғындардың қауіпке дайын отыруы тиіс екендігін ескертеді.

Сандуғаш Баймұқамбетова, Алматы қаласы ТЖД ресми өкілі:

Таулы аймақтарда су тасиды. Маусымның 12-14 аралығына қатысты күннің ысуына орай дауылды ескерту жасаймыз. Адамдар осындай қауіп-қатерден сақ болсын.

Үлкен Алматы өзені сағасындағы жолдарды су шайды. Таудан келетін өзен суының арыны қатты болғандықтан, су деңгейі екі есеге артып, төтенше жағдай мамандары өзеннің арнасына тосқауыл қоюға мәжбүр болды. Алматыдағы табиғи апат мұнымен бітпейді. Бүгін «Шаңырақ» елді мекенінде үш бірдей үй отқа оранды. Жапсарлас салынған баспаналардың лезде жанып кетуіне аптап ыстық та себеп болған. Тұрғындардың айтуынша, қураған шөптің тұтануынан жалын үйге лап берген. 

Сарқыт Қазыбекқызы, «Шаңырақ-2» шағын ауданының тұрғыны:

Өрттің себебін енді әркім әртүрлі айтады. Бүгін свет бірде өшті, бірде жанды, сонымен кетті дейді. Біреулер балалар шөпке от қойыпты деді, содан кетті дейді. Енді мынау үйлердің бәрі қатты тақалып тұр, біздің үйге де міне кетуге сәл-ақ калды, қайта балалар үйде болды. Солардың арқасында бергі жағындағы шлангамен су шашып өшіріп тұрдық.

Шығыс Қазақстанда жауын-шашынның көп түсуіне байланысты, кейбір ауылдарды су басу қаупі бар. Кеше Өскеменнің сыртындағы елді мекендерде қатты бұршақ жауды. Диаметрі 4 сантиметрге жеткен бұршақ бау-бақшаға зияннын тигізді. Ал, Зайсан ауданында Қара Ертіс өзені арнасынан асыпты. Аймақ атқамінерлері соңғы 15 жылда болмаған жағдайдың алдын алу үшін халықты шұғыл көшіру үшін орындар белгілеп қойған.

Александр Ломыгин, ШҚО ТЖД басшысының орынбасары:

Қазір арнайы топ құрылып, өзендерге мониторинг жүргізіп, бақылап отыру үшін аттандырылды. Осы маңдағы тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Егер судың үлкен нөпірі келсе, өздерін қалай ұстау керектігі туралы айтылды.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Мамандар Алматы мен Алматы облысының таулы аймақтарында қардың мөлшері көп екенін айтады. Сондықтан аптап ыстық олардың еруін жеделдетіп жатыр. Синоптиктер ертең де Алматыда ауа температурасы шамадан тыс көтерілетінін болжайды. Тек аптаның ортасында аймақта жауын жауады. Жауын-шашынның да шамадан тыс түсуі өзен-сулардың тасуына түрткі болады. Сондықтан төтеншеліктер ауа райы туралы тұрғындарды жиі ақпараттандырып отырмақ.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ