$520.27 €537.65 ₽5.24
×

«Астана-Петропавл» бағытындағы әуе рейсімен екі-ақ жолаушы ұшты

AstanaTV
23.10.2015ж. 20:00
1653
«Астана-Петропавл» бағытындағы әуе рейсімен екі-ақ жолаушы ұшты

Бүгін қайта жөндеуден өткен Қызылжардағы ұшып-қону алаңына Елордадан CRJ-200 ұшағы келіп қонды. Одан бар болғаны екі-ақ жолаушы түсті. Ал Астанаға кері ұшу кезінде де рейске екі-ақ адам отырған. Айта кетейік, әуе кемесінің салоны  толмағандықтан тасымалдаушылардың шығыны республикалық бюджеттен қаралған субсидия есебінен өтеледі. Сондықтан билет бағасына да мұның еш әсері жоқ. Дегенмен, алғашқы жолаушылар дән риза.

Жолаушы:

Біз негізі  пойызбен келмекші болғанбыз. Ұшақтың ұшу уақыты бізге қолайлы болғандықтан әуе көлігін таңдадық.  1 сағат кешікті. Бірақ бәрі жақсы болды. Іші жылы екен. Кофе берді. Жайлы қонды. Өзімізге ұнады.

Қызылжардан Астана бағытына әуе рейстері аптасына үш рет ұшады. Алматыға да дәл солай. Петропавл әуежайының ұшып-қону алаңы үш ай уақыт ішінде жаңартылды. Республикалық қазынадан оған 4 миллиард теңге бөлінген. Әзірше ұшу жолақтары бұрынғыша. Оны кеңейту және жарықтандыру мәселесі келер жылға жоспарланыпты. Сондықтан Петропавлда ұшақтарды қабылдау және қондыру тек күндізгі уақытта ғана жүзеге асырылмақ. Бұдан өзге әуе рейстері тек әуежайды толық жаңғыртқаннан соң іске қосылмақ.

Бейбіт Исманов, СҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

Әуежай басшысының келісімімен, тапсырыс беру арқылы қазір кез келген әуе көлігін қабылдауға мүмкіндік бар. Бұған дейін ұшып-қону  алаңы апатты жағдайда болғандықтан  тек АН-24, ЯК-40 секілді шағын ұшақтарды ғана қабылдай алатын еді.

А.ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ