Спорт Қазақстан
$439.4 €473.54 ₽4.76
×

Павлодардың әлеуметтік саласын қолдауға ERG компаниясы қомақты ақша бөлді

AstanaTV
31.03.2014ж. 20:00
1240
Павлодардың әлеуметтік саласын қолдауға ERG компаниясы қомақты ақша бөлді

Павлодардың әлеуметтік саласын қолдауға ERG компаниясы қомақты ақша бөлді. 2,3 млрд теңгені құраған демеушілік қаржы әлеуметтік аз қамтылған топтар мен білім беру, денсаулық сақтау және спорт саласына жұмсалады деп жоспарлануда. Игі істерді облыстық әкімдік пен компаниялар тобы өзара әріптестік жөніндегі меморандуммен бекітті.

ERG компаниясы Керекуде 50 әлеуметтік жобаға демеуші болмақ. Қаражатқа Павлодар қаласы мен Мойылды кентінде балабақша үшін екі ғимарат сатып алынбақшы. Сондай-ақ Катаев атындағы Оқушылар сарайының материалдық базасы жаңартылып, бірқатар білім ошақтарына қайырымдылық көмек көрсетіледі.

Дәл осындай қолдау Ақсу шаһарына да жасалмақ. Биыл компания өңірдің футбол саласын дамытуға 800 млн теңге бағыттады. Қаражат командалардың турнирлер мен жарыстарға қатысуына, оқу-жаттығу жиындарын өткізуге жұмсалады. Сондай-ақ, аймақтың бас стадионы күрделі жөндеуден өтетін болады. Бұған компаниялар тобы 500 млн теңге қарастырып отыр. 


Александр Машкевич, ERG компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы:

Мектепішілік секцияларға, мәселен, футбол, баскетбол, тенниске қомақты қаржы бөлдік. Жалпы алғанда, біз мәдениет, спорт және мектепке дейінгі білім мекемелерін қамтып отырмыз. Бұл топтың басты ұстанымы болып табылады. Өйткені бұқара атқарылған жұмыстың нақты нәтижесін көрулері тиіс.


Қанат Бозымбаев, Павлодар облысының әкімі:


Демеушілік қаражат бұрынғыдай қоғамдық қорлар негізінде түспейді. Жаңа меморандумға сәйкес ақша тікелей көздеген жеріне жетеді. Бұған дейін істеген күмәнді қорлар жойылды. Мәселен, футбол десек, бірден футбол клубының есебіне аударылады, мүгедектерге қажет пе, сол салаға жауапты мемлекеттік мекемеге жіберілмек. Осылайша, арада делдал қызметін атқаратын ұйым болмайды.


Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ