$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Шымкентте қала балабақшаларындағы заң бұзушылықтар әшкере болды

AstanaTV
24.04.2014ж. 10:00
1048
Шымкентте қала балабақшаларындағы заң бұзушылықтар әшкере болды

Есепте бар болғанымен, өмірде жоқ бүлдіршін. Мемлекет қаржысын жымқыру, құжаттардағы былық-шылық балғындарды тәрбиелеп отырған мекемелерді де айналып өтпепті. Мәселен, пысықай меңгерушілер бір баланы бірнеше бақшаға тіркеу арқылы пайда тауып келген. Мұндай құйтырқы әрекетті прокурорлар әшкереледі.

Амангелді Нақыпбеков
, ОҚО прокуратурасының басқарма прокуроры:

Мысалы айтар болса, Мақтарал ауданында жасөспірім Құралтай «Әлзия-Аян» балабақшасында 2012-2013 жылдары тәрбиеленбесе де ол сол баланы сол балабақшада тәрбиеленді деп 206 мың теңге көлемінде бюджет қаражатын алған. Аталған дерек бойынша қазіргі таңда қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Құзырлы орынның деректеріне сенсек, дәл осындай заңсыздыққа Сайрам мен Сарыағаш аудандарында да жол берілген. Ал Төлеби ауданында балабақшаның табалдырығын өмірі аттамаған бір қызметкердің есепшотына осы уақытқа дейін 311 мың теңге заңсыз аударылып келіпті. «Балапан» бағдарламасы шеңберінде жекеменшік балабақшаның кейбірі жалған лицензия мен санитарлық-эпидемиологиялық қорытындының қолдан жасау арқылы жұмыс істеп келгені белгілі болды.

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қызмет сапасы да сын көтермейді. Бір ғана Шымкентте 5 мың баланың орнына 8 мыңнан астам балғын тәрбиеленіп жатқанын анықтадық, - дейді прокуратура өкілдері.

Бұдан бөлек, санитарлық талаптар мен өрт қауіпсіздігін сақтамаған мектепке дейінгі 11 мекеменің есігіне уақытша қара құлып ілінген. Жалпы, тексеру қорытындысына сәйкес 116 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылса, үш қызметкердің үстінен қылмыстық іс қозғалып отыр.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ