Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Қарағанды облысында тасқыннан зардап шеккен кей отбасылар әлі күнге баспана ала алмай отыр

AstanaTV
12.01.2016ж. 20:00
1545
Қарағанды облысында тасқыннан зардап шеккен кей отбасылар әлі күнге баспана ала алмай отыр

Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында су тасқынынан зардап шеккен 2 бірдей отбасы әлі күнге дейін баспана ала алмай отыр. Аймақ басшысының бастамасымен құрылған қоғамдық қайырымдылық қорына жиналған ақша жапа шеккендерге толық жетпей қалған. Еске салсақ, былтыр көктемде облыстағы 50 шақты елді мекенді топан су басқан еді. Мәселенің мән-жайын тілшіміз Айжан Қуаш біліп қайтты.

Гагарин ауылының тұрғыны Эльхан Микаилов үйін 2014 жылы меншіктепті. Бірақ заңды құқығын тіркеп үлгермеген. Кенеттен болған тасқын баспанасы мен қора-қопсысын шайып кетті. Жүзден астам малы қырылды. Отбасы әлі күнге дейін үй-күйсіз жүр. Өтемақы да ала алмаған. Содан бері Эльханның ұлдары моншада тұруға мәжбүр. 

Малды қарап жатырмыз. Басқа баратын жер жоқ. Осы жерде моншада жатырмыз.

Эльхан Микаилов болса, жұбайымен бірге 15 шақырым қашықтықтағы Теміртау қаласында әкімдік уақытша жалдаған  пәтерде тұрады.

Эльхан Микаилов, Гагарин ауылының тұрғыны:

Біз жан-жаққа шашырап кеттік. Сандала беріп әбден шаршадым. Қыста алыстан келіп малға қарау да қиын. Алғашында әкімдер уәде берген еді. Бірақ орындамады.

Эльхан секілді баспаналарын меншіктеп үлгермеген адамдар үшін арнайы қайырымдылық қор ашылып, қаржы жиналды. Ол жапа шеккендерге бөлініп берілген. Үйлердің қашан, қанша ақшаға сатып алынуы осы қорға тәуелді болды.

Айжан Қуаш, тілші:

Гагарин ауылының 7 отбасы доллар қымбаттамай тұрып, күзде 3 млн теңгеге баспана сатып алып үлгерген. Тұрғындардың айтуынша, қазір үй 2 есеге қымбаттап кеткен. Адамдар бұл сомманы ала алмай отыр. Оларға су тасқынынан жапа шеккендерге көмек қорына жиналған ақша жетпей қалған. Демеушілерден қашан қаражат жиналары белгісіз. Сондықтан мәселенің жуық арада шешілуі екіталай.

Руслан Нұрмұхамбетов, Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары:

Ақша түскен кезде үй алуға қаражат бөлінеді. Әзір қордағы ақша жетпейді. Біз жергілікті өзін-өзі басқару қауымдастығымен бірге қорға ұсыныс жасап, құжаттарды жібереміз. Олар қанша ақша бөлінетінін шешеді. Демеушілерді тарту жұмыстары жүргізіліп жатқан болар. Бұл адамдар үйсіз қалмайды деп ойлаймын.

Былтыр көктемде Гагарин ауылындағы 40 үйді су шайып кеткен еді. Баспаналардың көпшілігі қайта тұрғызылды. Алайда олардың иелерінің қуанышы да ұзаққа бармаған.

Қарлығаш Қапайқызы, Гагарин ауылының тұрғыны:

Төбеден су ағып, көгеріп тұр. Пеш түтейді. Уланудан қорқам мен. Бүгін түнде терезелерімді ашып шықтым.

Әкімдік өкілдері, құрылыста кеткен кемшіліктерді орнына келтіру үшін, сот орындарына жүгінбек. Ал тұрғындар болса, үйлерді тұрғызуға атсалысқан ауыл адамдарына мердігер ұйымдардың жалақы төлемегенін айтады.

Нұрлан Микаилов, Гагарин ауылының тұрғыны: 

Үйді салғаннан кейін аванс бермей қойды. Бұқар жырау ауданының әкімі келіп төлетем деген, әлі берген жоқ. Бір жыл өтті. 1 млн 300 мың қарыз.

Бұқар жырау ауданының әкімдігі бар мәселе биыл шешіледі деп сендірді. Алайда, шенеуніктердің құрғақ уәдесінен шаршаған халық мәселеге үкіметтің араласуын қалайды.

Айжан ҚУАШ