Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Көк қағаз құны 370 теңгеге жетті, құбылған бағам еңбек нарығына қалай әсер етуде?

AstanaTV
12.01.2016ж. 20:00
1908
Көк қағаз құны 370 теңгеге жетті, құбылған бағам еңбек нарығына қалай әсер етуде?

Теңге тағы оңбай құлдырады. Көк қағаздың құны бүгін 368 теңгеге көтерілді. Валюта айырбастау орындары түс ауа АҚШ ақшасын 370 теңгеден саудалады. Күн санап құбылған шетел валютасы бағамына еңбек нарығының да еті үйренген сияқты. Тіпті шетелден Қазақстанға жұмыс іздеп келгендердің өзін де көк қағаздың шарықтаған құны қорқытар емес. Бастысы нәпақа тапсақ болды деген олар жалақыны теңгемен алуға көндіккендей.

Қазақстандағы еңбек нарығына бет бұрғандардың бірі - Минскден келген Александр Поляков. Өз елінде тұрақты жұмыс істеп, мардымсыз жалақы алған ол, өзге елдің өндірісіне атсалысып тәжірибесімен бөлісуге бел буған. Қазір Алматыдағы косметика мен тұрмыстық химия тауарларын шығаратын кәсіпорында жұмыс істейді. Дағдарысқа қарамастан, жалақысы жаман емес.

Александр Поляков, косметика мен тұрмыстық химия шығаратын зауыттың техникалық директоры:

Менің тәжірибем Қазақстанда қолайлы жұмыс істеуге барынша көмектесуде. Кәсіпорын бастапқыда келісілген жалақымды төлеп жатыр. Жұмысым көңілімнен шығады. Шынымды айтсам, қазір елге қайтқым келмейді.

Әрине, өз еліне оралғысы жоқ. Себебі тәжірибесі бола тұра, отанында табысты жұмыс таппаған маман біздің елде сұранысқа ие болып отыр.

Данияр Алшанбаев, косметика мен тұрмыстық химия шығаратын зауыттың өндіріс департаменті директоры:

Ресей мен Беларусь елінен жұмыс іздеп келген мамандар көп. Біз оларға Алматыға көшесіңдер деп ескерттік, олар келісті. Жалақыны да көк қағазбен емес, теңгемен төлейтінімізді айттық. Олар қуана келісті. Бірақ қазір өндірісте орын алған бір қиындық бар. Шикізаттың 85 пайызын Еуропадан АҚШ ақшасына сатып аламыз.

Көк қағаз құны шарықтай бастағалы, еңбек нарығында да бірнеше құбылыс байқалды. Жұмыспен қамту агенттіктеріне хабарласқан азаматтардың басым бөлігі қаржылық жағдайын түзеп, қомақты жалақы алуды көздесе, енді біреулері әйтеуір жұмыс болса болды деген ұстанымда.

Алма Жандәулетова, рекрутингтік агенттіктің бас директоры:

Азаматтарға айтарым, қазір жұмыс орнын жоғалтпау маңызды. Жұмыссыздар саны артпаса, кемімей отыр. Бізге қоңырау шалып жатқандар өте көп. Барлығы жұмыс орнының қысқарғанын айтады. Әрине, сәйкесінше жұмыс берушілер де азайған. Көптеген компаниялар бос орындарға адам алуды уақытша тоқтатып тастады. Тағы бір үлкен мәселе - Украинадан жұмыс іздеп елге ағылғандар саны өсіп барады. Олар кез-келген жұмысқа, кез-келген валютадағы жалақыға келіседі. Өйткені қазір ешкім көк қағазбен айлық төлемейтіні түсінікті.

Ал бүгін қор биржасындағы күндізгі сауда-саттықта 367 теңге болып бекіді. Яғни 11 қаңтар күнгі таңертеңгілік сауда нәтижелерімен салыстырғанда, шетел ақшасы шамамен 9 теңгеге қымбаттады. Айырбас пункттерінде 1 АҚШ ақшасы 369-370 теңгеден саудаланып жатыр. Сан құбылған бағаны айырбас орталығының мамандары ауыстырып үлгере алмай әлек. Салдарынан кіреберісте кезек күткендердің де саны артқан.

Айгүл ЕРМАХАН