$519.57 €612.78 ₽6.61
×

Ақтөбеде 14 күн бұрын із-түссіз жоғалған балақайдың денесі кеше табылды

AstanaTV
24.10.2014ж. 20:00
1723
Ақтөбеде 14 күн бұрын із-түссіз жоғалған балақайдың денесі кеше табылды

5 жасар Темірланның ажалы аштықтан болуы мүмкін. Баланың әкесі Нұрлыбай Бортаев ақпарат құралдарына берген сұхбатында  осылай деп мәлімдеді. Полицейлер бүлдіршіннің денесінде зорлық белгілері жоқ дейді. Алайда, сәбидің ата-анасы құқық қорғаушылардың сөзімен келіспейтін сыңайлы. Айта кетейік, 14 күн бұрын із-түссіз жоғалған балақайдың денесі кеше табылды. Бүкіл елдің назарында болған  жантүршіктірер оқиға туралы Мансұр Есқожин тарқатады.  

«Ойын баласы жоғалып кетті» деген ақпарат екі апта бұрын полицейлер мен әскерилерді аяғынан тік тұрғызды. Іздеу жұмыстарына қарапайым  тұрғындар да атсалысып, еріктілер тобы құрылды. Олар Темірланды іздеу кезінде небір жайттарға кезіксе де, мойымады. Үміт соңғы сәтке дейін үзілмеді. Алайда, Темірланның өлі денесі кеше кешкісін Қарғалы өзенінің бетіне қалқып шықты.

Ақтөбені кесіп өтетін үш өзеннің бірі - Қарғалының ағысы күшті. Кей жерде кішкентай бөбек тұрмақ ересек азаматты ағызып әкетеді. Сондықтан саңырауқұлақ теруге шыққан тұрғындар осы жерден таптық дегенімен, суға қай жерден құлағандығы белгісіз. Және шарбақ алдында ойнап жүрген бала кем дегенде 5-6 шақырым қашықтықтағы өзеннің аңғарына қалайша жетті. Сұрақ көп.

Облыстық ішкі істер департаменті өкілдерінің алғашқы болжамына сай, Темірлан  осыдан шамамен 10 күндей бұрын көз жұмған. Полицейлер «баланың денесінде зорлық белгісі жоқ, киімі де бүтін» дейді. Тек асқазанында ешқандай тамақ қалдығы болмағанын айтады. Ал Темірланның әкесінің байламы басқа.

Нұрлыбай Бортаев, Т. Сәндібаевтың әкесі:

Бір 2-3 күндікте шығарып, өлтіріп тастаған сияқты. Өлгеннен кейін шығарып тастаған сияқты. Енді 14 күнге дейін адам аштан аш салқын жерде ұстаса, шыдай ала ма? Адамның қолынан болған зат қой. Көрініп тұр. Шамалы бетінде ісік бар. Одан басқа үстінде дағы жоқ. Дақ болғанда, шамалы байлаған дақ бар сияқты қолында.

Полицейлер қандай да нақты ақпарат айтуға асығар емес. Олар сараптама қорытындысына иек артып отыр. Алайда оның қашан дайын болары белгісіз. 

Ардагер Уайдин, Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:

Қазір біз болжам айта алмаймыз. Өйткені қазір сот медицина сараптамасы және гистологиялық тексеру сол үшін тағайындалып отыр. Осы сараптама нәтижесінде не жағдай болғанын, не себептен баланың көз жұмғанын қашан көз жұмғандығы бізге белгілі болады.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 10 қазанда есік алдына ойнап шыққан Темірланнан анасы қас қағым сәтте көз жазып қалған еді. Сәбидің жұмбақ өліміне қатысты алғашқы болжамдар әрқилы. Тәртіп сақшылары Темірланның өзі суға құлап кетуі мүмкін дегенді, жоққа шығармайды. Бірақ оның үйден 5 шақырым қашықтықтағы өзен жағасына қалай жеткенін ешкім түсіндіре алмады. Қара жамылған Темірланның отбасы балғынды соңғы сапарға шығарып салуға қамдануда.

Мансұр ЕСҚОЖИН