$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Елімізде «Нұр Отан» партиясының ХVI съезіне қатысатын делегаттар іріктелуде

AstanaTV
04.03.2015ж. 20:00
1377
Елімізде «Нұр Отан» партиясының ХVI съезіне қатысатын делегаттар іріктелуде

Бүгін өңірлерде «Нұр Отан» партиясының ХVI съезіне қатысатын делегаттарды іріктеу басталды. Халықтық сипат алған осындай алқалы жиын бүгін 8 аймақта өтті. Партияның кезекті съезіне өндіріс озаттары, қарапайым еңбеккерлер, тіпті жастар және үкіметтік емес ұйымдардың белсенділері қатыспақ. Бүгін партияның облыстардағы филиалдарында съезге баратын азаматтардың есімдері белгілі болды. Біздің тілшілеріміз Алматы қаласы мен Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында саяси жиындарға қатысып қайтты. 

Алматылық делегаттардың тең жарымынан астамы - қыз-келіншектер. Олардың арасында білім беру, денсаулық сақтау салалары, үкіметтік емес ұйымдар мен ақпарат құралдарының өкілдері бар. Мандат комиссиясы ұсынған үміткерлердің тізімі бірауыздан ашық дауыс беру арқылы қабылданды.

Болат Оспанов, Алматы пайдалану локомотив депосының директоры:

Бұл мен үшін мақтаныш емес, үлкен жауапкершілік. Мыңнан аса қызметкерлерімнің, көп ұлтты ұжымымның тілегін жеткізуім керек.

Партияның кезекті съезінде жастарға да орын қарастырылған. Солардың бірі - Нұрғали Жолдасқалиев. Студент кезінен қоғамдық жұмыстарға білек сыбана қатысқан ол, партия қатарына былтыр қабылданыпты. Батыс Қазақстан облысындағы 13 мыңнан астам жасотандықтың атынан съезге аттанар Нұрғали ең жас делегат болып отыр.

Нұрғали Жолдасқалиев, «Жас Отан» ЖҚ БҚОФ атқарушы хатшысының міндетін атқарушы:

«Нұр Отан» партиясы съезінің делегаты болып сайланып жатырмын. Бұл үлкен жауапкершілікті жүктейді, ел алдындағы, жастар алдындағы. Сондықтан біз, жастар, әрқашан еліміз үшін, жеріміз үшін аянбай еңбек етуге даярмыз.

Съезге қатысу бақыты бұйырған қызылордалық Жақсылық Дилжанов көзін ашқалы бері бар ғұмырын теңіз жағасында өткізіп келеді. Балықшылық - бұл әулеттің атадан балаға жалғасқан ата кәсібі. Аралдың суалған кезі де, арнасына су толған қуанышты сәт те Жақсылықтың әлі көз алдында. Ауылдастарымен бірге балық аулап, теңізде ығып кеткен кез де есінде. Осы бейнетінің зейнетін енді көрген ол делегат болғанын бағына балайды.

Жақсылық Дилжанов, балықшы:

Мен Арал ауданының жәй қарапайым балықшысымын. «Нұр Отан» партиясының ХVI съезіне делегат болып сайланып тұрмын. Жағдайымыз өте жақсы болып тұр. Мен осы съезге делегат болғаныма өте қуаныштымын.

Қызылорда облысындағы 38 мыңнан астам нұротандықтың алпысы партия съезіне қатысады. Солардың бірі - Қорқыт-Ата атындағы университеттің студенті Мұхаммедәлі Бекпейісов өз қуанышын әнмен жеткізді.

Айта кетейік, бүгінде ел аумағында «Нұр Отан» партиясының 5 600-дей бастауыш ұйымы бар. 11 наурызда Астанада өтетін ХVI кезекті съезге еліміздің әр өңірінен келген 1 200 делегат қатысады.

Еркін КАРИН, Шарипа САҚТАПОВА, Берік ХАСЕНОВ