$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Қ.Көшербаев: Байқоңырдағы жұмыссыз қалған қазақстандықтарды тұрып жатқан пәтерлерінен ешкім шығармайды

AstanaTV
17.02.2016ж. 20:00
1539
Қ.Көшербаев: Байқоңырдағы жұмыссыз қалған қазақстандықтарды тұрып жатқан пәтерлерінен ешкім шығармайды

Байқоңыр қаласында тұрып жатқан жұмыссыз қалған қазақстандықтарды ешкім пәтерінен қуа алмайды. Бүгін Қызылорда облысының әкімі халыққа есеп беру жиынында осыны нақтылап айтты. Ол бұл жайында қала әкімшілігі басшысымен келісім болғанын жеткізді.

Ресейлік тарап қазақстандықтарды пәтерлерінде қалдыруға келісім берген. Облыс атқамінерлері Байқоңырдағы бос қалған нысандарға жан бітіріп, жаңа жұмыс орындарын ашуды көздеп отыр. Қазір жұмыстан қысқартылған қала тұрғындарын жұмыспен қамту мәселесі қолға алынған. Олардың қатары соңғы 2 жылда 400 адамға артыпты. 

Қырымбек Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі:

Біз қаланың әкімшілігімен келістік: «Біз жұмыс орындарын ашуға жұмыс жасайық, ал сіздер анау үйлерін тартып алмаңыздар» деп. Ондай жұмыс жүріп жатыр. Аманшылық болса, пайдаланбай тұрған кейбір объектілерді де алып, сол жерде жұмыс орындарын ашып, байқоңырлықтарға жағдай жасаймыз. Біз қаланы, ғарыштың айлағын жалға бердік. Бірақ біз халқымызды жалға берген емеспіз. 

Бүгінгі күні 300-ден аса байқоңырлық «екі қолға бір күрек» тапқан. Негізінен көрші жатқан Төретам, Ақай елді мекендеріндегі мектептерге, балабақшаларға, емханаларға орналастырылыпты. Жуырда облыстық медициналық орталық іске қосылса, тағы 300 жұмыс орны ашылмақ.

Еске сала кетейік, Ресей Қазақстанға 11 мың гектардан аса жерді қайтарып берді. Ол жерге енді инфрақұрылым тартылып, жаңа өнеркәсіптер бой көтермек. Соңғы деректерге сай, қазір Байқоңырда 75 мыңнан астам адам тұрып жатыр. Олардың 53 мыңы - Қазақстан азаматы.

Шарипа САҚТАПОВА