$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Ипотека бойынша кей борышкерлердің қарыздары кешірілуі мүмкін

AstanaTV
22.01.2019ж. 20:00
6904
Ипотека бойынша кей борышкерлердің қарыздары кешірілуі мүмкін

Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтардың қордаланған ипотекалық қарыздары кешірілуі мүмкін. Бұл туралы Алматыда Ұлттық банк жанындағы жұмысшы топтың отырысында мәлім болды. Арнайы бағдарлама қабылданатын болса, 4 категориядағы адамдардың берешігі қайта қаралады. Қоғамдық бірлестік өкілдерінің айтуынша, бұл бастаманы Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктер де қолдап отыр. Тақырыпты Ришат Асқарбекұлы сабақтайды.   

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ: 

Ипотекалық қарызы бар мүгедектер мен толық емес отбасылар және ардагерлердің қордаланған қарыздары кешірілуі мүмкін. Бұл бастаманы қоғамдық ұйымдар өкілдері бірнеше мәрте көтерген еді.

Үміт Бағиянова Алматыға Өскеменнен арнайы келген. «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігі оның несиелік берешегін жеңілдету үшін заң тұрғысынан көмек көрсетпекші. Борышкер 2006 жылы екінші деңгейлі банктердің бірінен 198 мың АҚШ доллары көлемінде несие алады. Шетел валютасымен алғандықтан, девальвация кезінде қарызы екі есеге артыпты. Екі бірдей баспананы кепілге қойғаны жағдайды ушықтырып тұр.   

Үміт БАҒИЯНОВА, БОРЫШКЕР: 

Бауырым 7 баланың әкесі, екінші топтағы мүгедек, мен жалғызбасты ана болған соң, бірігіп жұмыс істейік деп магазинді алдық. Енді осы бағдарлама аяғына дейін көмектеседі деп сенемін, осы бағдарлама бойынша менің бауырымның нервісі бітті, қан қысымы көтеріледі, осы санатқа жатады деп үміттенемін. Туыстарымның үйлерін банк қайта-қайта сатуға қояды, реніштер болды. Үйлері кетіп қала ма деп қорқамыз.

Бірақ, Ұлттық банк жанынан құрылған жұмысшы тобының отырысына журналистер шақырылмаған. Топ мүшесі Шолпан Ризабекованың айтуынша, бұл бастама көптен бері көтеріліп келеді. Алайда, дүйсенбі күні өткен кезекті жиында әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған борышкерлердің қарызын кешіруге екінші деңгейлі банктер мен бас қаржы реттеуші келіскен.  

Шолпан РИЗАБЕКОВА, «ЕЛ БІРЛІГІ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ: 

Жалпы өздерінің төлей алмайтындай жағдайдағы 1, 2-топ мүгедектері, толық отбасы еместер, соғыс ардагерлері, зейнеткерлердің мәселесін шешуі керек. Әрине, ол шешілетін шаруа. Екіншіден мұны Ұлттық банк өте жақсы қабылдады. Бұл дұрыс деп отыр. Себебі, ол халыққа өте тиімді.

Қоғамдық бірлестік төрайымының есебінше, осы категорияға Алматы, Алматы облысы, Шығыс Қазақстан, Атырау және Палодар өңірлеріндегі 2 мыңға жуық адам жатады. Сондай-ақ, ипотекалық қарызы бар 6 тұл жетім қоғамдық ұйымдардан көмек сұраған. Қалған аймақтар бойынша ақпараттар жиналып жатырған көрінеді.  

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ: 

Ұлттық банк бұл мәселеге қатысты алдағы күндері нақты жауап беретінін хабарлады. Айта кетейік, елімізде осы күнге дейін қайта қаржыландыру бойынша 25 мың борышкердің қарызы қайта қаралған болатын. Олардың үстемелері, айыппұлдары кешіріліп, негізгі соммаларын төлеуге мүмкіндік жасалған.

Р. Асқарбекұлы