Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Президенттің үкіметті отставкаға жіберуі министрлер кабинетіне ғана емес, халыққа да тікелей ескерту - Саясаттанушы

AstanaTV
22.02.2019ж. 20:00
4169
Президенттің үкіметті отставкаға жіберуі министрлер кабинетіне ғана емес, халыққа да тікелей ескерту - Саясаттанушы

Президенттің үкіметті отставкаға жіберуі министрлер кабинетіне ғана емес, шенеуніктердің жұмысын қадағаламайтын халыққа да тікелей ескерту. Саясаттанушы Талғат Қалиев осылай деп есептейді. Ол мұндай жағдай егеменді ел тарихында алғаш рет болғанын атап өтті. Яғни, Үкімет әдеттегідей Премьердің өз өтінішімен емес, сапасыз жұмыс атқарғаны үшін Президентпен таратылды. Ал, ауыс-түйіске қатысты Қалиев бірнеше министр орнынан кетеді деп есептейді. Оның ішінде Ұлттық экономика министрі. Жаңадан жасақталатын 11-ші Үкімет әлеуметтік саладағы реформаға баса мән беру керек деп санайды.  

Талғат ҚАЛИЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:  

Бұл Үкіметке ғана ескерту емес. Егер, олай болса, Президент жабық жағдайда Үкіметті жинап алып, қызметтен босата салушы еді. Егер, ол халыққа үндеу жасап жатса, Үкімет халықтың мүддесі үшін жұмысын тоқтатты деген сөз. Осылайша, халықты Үкімет жұмысын қатаң бақылау үшін кері байланыс орнатуға шақырады.

Сарапшы Серік Нұрмұратов: «Енді батыл қадамға баратын Үкімет керек»,- дейді. Министрлер ізденбесе, халықтың әл-ауқаты артуы екіталай. Ал, Сағынтаев Үкіметі тың бастамалар, батыл реформалармен көзге түскен жоқ деп отыр. Билікте экономикаға серпін беретін жобалар ұсынып, өзіне жауапкершілік алатын тұлғалар жетіспейді деп есептейді.  

Серік НҰРМҰРАТОВ, САРАПШЫ:  

Ол адам қорықпау керек. Жасаған істері үшін қорықпау керек. Шеттеп қаламын деп. Тәуекелдерге баратындарға ешқандай жаза қолданбайтын қоғам болса, меніңше шығатын сияқты. Біріншіден, нақты өзінің көзқарасы бар, шешімді жолдарын іздейтін адам билікке келсе, министрлікке. Екіншіден, соған түсіністікпен қарайтын жоғары билік болса дейміз.

М. Дюсекина