Ел азаматтарын соғыс оты өршіген аймақтан қайтару жұмыстары жалғасады. Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Санат Көшкімбаев осылай деп мәлімдеді. Қазір Сириядан елге оралған адамдар арнайы орталықта бейімделіп жатыр. Олардың қақтығысқа қатысы бар-жоғы анықталмақ. Егер қайтып келген азаматтар кінәсі дәлелденсе, түрмеге жабылады. Ал соғыс аймағында еріксіз жүруге мәжбүр болған балалар ұзақ бейімделуден өтеді.
Санат КӨШКІМБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Балалардың еш күнәсі жоқ. Егер олардың ата-аналары қылмыс жасаса, бұл істі сот жеке-жеке қарайды. 500-ге жуық адам Қазақстаннан Сирияға барып, соғыс аумағында болған. Олардың ішінде ер азаматтар қақтығыс аймағында қаза табуы мүмкін.
Сарапшылар Сирияда жойқын жеңіліске ұшыраған лаңкестердің Ауғанстанға кетіп жатқанын айтады. Бірақ Алексей Малашенко Ислам Республикасынан ешқандай қауіп жоқ, содырлар Орта Азияға кірмейді, дейді.
Алексей МАЛАШЕНКО, «ӨРКЕНИЕТТЕР ДИАЛОГЫ» ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ БАСШЫСЫ (РЕСЕЙ):
Ауғанстаннан келетін қауіпті әсірелеудің қажеті жоқ. Ислам мемлекетін де бұл жағдайда атай беруге болмайды. Жағдай, әрине, жақсарды. Бірақ, азаматтық соғыс жалғасып жатыр. Ол әлі ұзақ уақыт болады. Сирияның болашағы бұлыңғыр.
А. Бектас