$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қызылжарда жалғыз басты қарт ана 12 жылдан бері коммуналдық пәтерге жарымай отыр

AstanaTV
13.09.2019ж. 20:00
3273
Қызылжарда жалғыз басты қарт ана 12 жылдан бері коммуналдық пәтерге жарымай отыр

Қызылжарда жалғыз басты қарт ана 12 жылдан бері коммуналдық пәтерге жарымай отыр. Сексеннің сеңгіріне таяған қария пәтер жалдау үшін ай сайын зейнетақысының тең жартысынан қағылады. Ал билік тарапы аузын құрғақ шөппен сүртіп отыр. Тағдыр тәлкегіне түскен әжейдің хәлін аймақтағы тілшіміз біліп қайтты.

Жасы жетпіс алтыға қадам басқан Раиса Дерябина өмір бойы өндіріс ошақтарында еңбек еткен. Үйі мемлекеттік бағдарлама бойынша сүріліп, қария далада қалыпты. Себебі, пәтері жекеменшікке өтпеген екен. Енді жалғызбасты зейнеткер ай сайын алатын 60 мың теңге зейнетақысының тең жартысына пәтер жалдауға мәжбүр.  

Раиса ДЕРЯБИНА:

Бала кезімнен көзім нашар көрді. Кейін асқынып, екінші топ мүгедектігін алдым. Зейнетақым азғантай. Жатақхананың бір бөлмесіне ғана жетіп отыр. 12 жыл әкімдіктің кезегінде тұрмын. Коммуналдық пәтер маған бұйырмай тұр.

Раиса Дерябина бала көтерді, немере сүйді, алайда қартайған шағында жападан жалғыз қалды. Бір қалада тұратын қызы жоламай кеткен көрінеді. Бейнетке тап болған кемпірге қазір тек көршілері ғана қол ұшын созып отыр. 

Вера СЕДИНКИНА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Жатақхана тұрғындары бір жағадан бас шығарып, кейде қажет нәрсесін алып береміз. Ол осында көшіп келгенде жиһазы да болған жоқ. Әркім өз үлесін қосып, кішігірім жағдай жасап бердік. Әсіресе, осында тұратын үш жас қыздың ұшан-теңіз көмегі тиді.

Ал қалалық әкімдіктің меншігіндегі коммуналдық пәтерлер әлі босамай жатқан көрінеді.   

Әсем АЙТОЛОВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІ ТКШ БӨЛІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Дерябина Раиса Яковлевна әлеуметтік аз қамтылған адамдардың қатарында 205 болып пәтер кезегінде тұр. Оған заңға сәйкес уақытша баспана беріледі. Уақытша баспана беруге әкімдіктің мүмкіндігі жоқ. Себебі ол заңмен қарастырылмаған.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ: 

Қалалық әкімдік өкілдерінің айтуынша, қарияларды олардың балалары қамқорлыққа алуы тиіс. Заңда солай жазылған. Сондықтан әкімдіктен қайыр болатыны екіталай. Ал сексенге келген зейнеткердің кезегі қашан келері белгісіз. Қойдың жасындай ғұмыры қалған әжей қалған өмірін жалдамалы пәтерде өткізгісі келмейді.

А. Құрманкин