Ақтөбеде мектеп оқушылары мен ата-аналарын тиеген автобустың жүргізушісі ережеге бағынбаған. Полицияның пайымы осы. Осының салдарынан автобус жол апатына ұшырап, жиырма шақты адам зардап шекті. Қазіргі күні тоғыз бала және үш ересек адам ауруханада жатыр.
Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:
Оқиға сенбі күні түскі уақытта болған. Мектеп оқушылары мен ата-аналары мінген автобус қала сыртына, табиғат аясында демалуға бет алған. Қоғамдық көлік Ақшат ауылы маңында «Nissan» жеңіл көлігімен соқтығысып, аударылған. Автобустағы 20 бала мен 9 ересек адам дереу ауруханаға жеткізіліпті.
Облыстық балалар ауруханасында бүгінгі күні 9 бала ем алып жатыр. Олардың барлығы бас ми жарақатын алған. Арасында екі жасқа толмаған бүлдіршін де бар. Қазір бір оқушының анасы жаңсақтау бөлімінде жатыр.
Рустам ЛЯТИФОВ, АҚТӨБЕ қ. ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ АУРУХАНАСЫ ПОЛИТРАВМА БӨЛІМІ МЕҢГЕРУШІСІНІҢ м.а.:
Бір адам политравма бөлімінен жаңсақтау бөліміне ауыстырылды. Жағдайы ауыр болды. Көкбауыры жарылып кеткен. Ота жасалды. Көк бауырын алып тастадық. Қазіргі жағдайы тұрақты ауыр.Бірнеше жерден сынық бар.
Ал, жеңіл көлікті басқарған Тәжікстан азаматы. Ол да жедел жәрдем ауруханасына жеткізілген. Бұл оқиғадан кейін мектепте тексеріс басталды. Анықталғандай, табиғат аясына демалуға шыққан ата-аналардың бұл ісінен №9 мектеп -гимназиясының басшылығы хабарсыз. Тіпті 5 А сыныбының жетекшісі де білмеген. Ата-аналар автобусты ғаламтордан тауып, жалға алған.
Салиха ҚАЗБАЕВА, АҚТӨБЕ қ. №9 ОРТА МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Бұл ата-аналар бірінші кезекте мектеп әкімшілігіне арыз беруі тиіс еді. Сонда біз арнайы бұйрық шығарып, жол полициясы қызметкерлерінің қадағалауымен автобус ұйымдастыратын едік. Бірақ ата-аналарымыз бізге тіпті ескертпеген болып отыр.
Полиция қызметкерлері тергеу жұмыстарын бастаған. Олар жол көлік оқиғасына автобус жүргізушісін кінәлап отыр.
Атығай АРЫСТАНОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСТЫҒЫ:
Жол ережесін қазіргі уақытта бұзған ол мына автобустың жүргізушісі. Сол жол көлік ережесін бұзған. Главный жолда келе жатқан машинаға жол бермеген ғой. Сондықтан қазіргі уақытта осы жағдай бойынша ҚК 345 бабы бойынша іс қозғалды.
Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:
Білім ошағында ата-аналармен жиналыстар өткізілуде. Оларға мектеп инспекторы қауіпсіздік ережелерін түсіндіруде. Ал демалысқа шықпақ болып, келеңсіз жағдайға тап болған ана-аналардың әрекеті де зерттелмек. Ата-аналар комитеті төрайымынан түсініктеме алынбақшы.
Б.Рахметова