$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Павлодар облысында көп балалы ана қайырымды жандардан көмек сұрайды

AstanaTV
15.10.2019ж. 20:00
2189
Павлодар облысында көп балалы ана қайырымды жандардан көмек сұрайды

Павлодар облысында көп балалы ана қайырымды жандардан көмек сұрайды. Отбасы мүгедек бала мен көп балалы анаға берілетін болмашы қаражатқа күн көріп отыр. Амалы таусылған жанұя біздің  редакциямызға хабарласты. Жомарт жандардан жәрдем болса дейді. Жеті баласы бар ананың жанайқайы келесі бейнематериалда.

Бұл отбасында 9 адам бар. Отағасы былтыр инсульт алып, жұмысқа жарамай қалған. Содан бері күн көрудің өзі қиынға соққан. Отанасы жұмыс болса жалданып істейтінін айтты. Өздігінен қозғала алмайтын үлкен баласына қарайтындықтан тұрақты жұмысқа шыға алмаймын дейді.

Сайрагүл МОЛДАБАЙҚЫЗЫ, КӨП БАЛАЛЫ АНА:

7 баламмен далада қалайын деп тұрмын. Жолдасымның дені сау болса, мен ешқандай көмек сұрамас едік. Сұрапта келген емеспіз. Өзіміз асырап келгенбіз. Біреу үшін өмірге әкелген жоқпыз. Бүгінгі күні біз мұқтаж болып отырмыз. Бір үзім нанға мұқтаж болып отыр ана балаларым шырылдап.

Отбасы мемлекет беретін жәрдемақыға ғана жан бағып отыр. Мүгедек балаға 57 мың теңге алса, көп балалы ана ретінде 40 мың алады. Басқа табыс көзі жоқ. Сәуірден бастап, атаулы әлеуметтік көмекке ілігіп, көзайым болғанымен ол да ұзаққа бармаған.  Әкімдік қызметкерлері жәрдемақыны тоқтатыпты. Оған қоса 5 айда алған 670 мың теңгені мойындарына қарыз қылып ілген. Үй кезегінде тұрғандарына да 10 жылдан асыпты. Ал әкімдік өкілдері Сайрагүл Молдабайқызы уақытша жұмысқа шыққанда тапқан табысын құжатта көрсетпегені үшін жәрдемақыны тоқтаттық деп отыр. 

Гүлназ ГҮЛБАУОВА, АҚСУ қ.  ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МАМАНЫ:


Біз екінші тоқсанда бірінші тоқсанның кірісін, яғни, қаңтар, ақпан, наурыз айларын есептегенде, ол кісіде кіріс бар екені анықталды. Ақпанда 117 мың 900, наурызда 68 мың 700 теңге «Үштерек и К» шаруашылығынан түскен. Бізге бұл кірісті көрсетпеген. Ақпараттық жүйеде де, құжаттарда да бұл кірісті айтпады.


Жұмыспен қамту орталығының мамандары көп баланы ана қарызын қайтаратын болса, тағы да жәрдемақы тағайындалатын айтты. Алайда, бұл отбасының оны өтеуге шамасы келмейтінін айтады. Сондықтан да, қайырымды жандардан көмек сұрауға мәжбүр.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Тек балаларының жәрдемақысымен ғана күн көріп отырған отбасы үшін ендігі өмір тіптен қиын болмақ. Өйткені, нан тауып жеудің өзі мұңға айналады дейді көп балалы ана.


Ө. Қуанар