$494.87 €520.65 ₽4.91
×

АҚШ коронавирус жұқтырғандар саны бойынша Қытайдан озып, бірінші орынға жайғасты

AstanaTV
27.03.2020ж. 20:00
2538
АҚШ коронавирус жұқтырғандар саны бойынша Қытайдан озып, бірінші орынға жайғасты

Әлемде де жағдай ушығып тұр. АҚШ коронавирус жұқтырғандар саны бойынша Қытайдан озып, бірінші орынға жайғасты. Нью-Йорк қаласының билігі қосымша мәйітханаларды салуды тапсырды. Дегенмен қаза тапқандардың дені Италияда.
Індет салдарынан спорт және мәдени шаралардың көбі кейінгі шегерілгенімен маңызды халықаралық саяси жиындар онлайн формат өтіп жатыр. «Үлкен жиырмалық» басталып, онда қауіпті вируспен күресудің тәсілдері талқыланды.

Тарихында алаш рет «Үлкен жиырмалық» кездесуі видеоконференция арқылы өтті. Көз үйренген дөңгелек үстел мен журналистер де жоқ. Бірі жұмысында отырып қосылса, Ангела Меркель үйінен онлайн байланысқа шыққан. Қатысушылар негізінен кеден салығына тыйым салу мәселесі мен короновирус тақырыбын көтерді.

Си ЦЗИНЬПИН, ҚЫТАЙ ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
 
Қытай тарапы мүдделі елдермен вирустың алдын алу және бақылау саласындағы тәжірибемен бөлісуге дайын. Сондай-ақ вакциналар жасау және дәрілік препараттар өндіру саласын дамытуға атсалысып, ауру шыққан елдерге көмек көрсетуге әзірміз.

Қазір әлемдегі жағдай түзеліп келеді деуге ауыз бармайды. Мәселен Италия көз жұмғандар саны бойынша көш басына шықса, ең көп жұқтырғандар АҚШ-та тіркелген. Мұнда дертке шалдыққандар 84 мыңға жуықтайды. Болжадар да көңіл қоншытпайды. Нью-Йорк билігі қалада қосымша мәйітханалар салуды тапсырды.

Билл ДЕ БЛАЗИО, НЬЮ-ЙОРК ҚАЛАСЫНЫҢ МЭРІ:

Қала тұрғындарының тең жартысы, тіпті одан көбі вирусты жұқтыруы мүмкін. Біз коронавирустың таралуына жол бермеу үшін барлық шараларды қолданып жатырмыз. Бірақ олардың саны күн санап артып келеді.

Кәрі құрлықтағы жағдай да мәз емес. Вирустың таралу процессін сәл де болсын бәсеңдетуге карантин септігін тигізіп отыр. Бірақ ережеге бағынбайтындар бар. Мәселен 29 жастағы ағылшын азаматы Дэрил Добладос көшеде спортпен шұғылданып жүріп, вирус жұқтырған. Жалпы Британияда бір тәулікте 87 адам көз жұмған.

Дэрил ДОБЛАДОС:

Жаттығудан кейін, ертеңінде қызуым көтеріліп, вирустың алғашқы симптомдары байқалды, жағдайым өте қиын болды. Қанша тырысқаныммен дем ала алмадым. Қазір басқа да адамдардың жүгіріп, жаттығып жүргенін естідім. Олар бәлкім өздерін жеңілмейтін адам секілді елестететін шығар.

Қазір елде 3 апталық карантин жарияланған. Көпшілік жұмысынан айрылып, қаражатсыз қалмас үшін билік тиісті шаралар қабылдаған.

Риши СУНАК, ҰЛЫБРИТАНИЯ ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:

Үкімет коронавирустан зардап шеккен өзін-өзі жұмыспен қамтып келген адамдарға жалақысының 80 пайызын өтемақы ретінде төлейді. Бірақ жалпы соммасы 2500 фунттан аспауы шарт. Бұл жүйе кем дегенде үш ай бойы әрекет етеді.

Ал Францияда отбасылық зорлық-зомбылық жиілеген. Ерлі-зайыптылар арасындағы жанжалдардың саны бір аптада 32 пайызға өсті. Бірақ жақсы жаңалық та бар. Вирус жұқтырғандардың көпшілігі сауығып келеді.

Жером САЛОМОН, ФРАНЦИЯ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

500 мыңға жуық пациент айығып, ауруханадан шығарылды. Вирусты жеңгендердің саны көбейіп жатыр. Қайтыс болғандар да бар, әрине, бірақ мен вирусты жеңіп, айыққандардың саны көп екенін баса айтқым келеді.

«Үлкен жиырмалықтың» кездесуінде көтерілген мәселелердің маңыздысы, ол - індетке қарсы арнайы қор құру. Бұл ең алдымен экономикасы төмен елдерге көмек болар еді. Мәселен Аргентина. Ондағы халық тамақ алу үшін кезекке тұруға мәжбүр.

А. Мүтәлі