"Бұл - тарихқа жасалған қиянат қана емес, ұрпақты шатастыру". Атырауда Жеңістің 75 жылдығына арнайы ашылған «Тағзым» аллеясын тамашалаған зиялы қауым, осындай пікір білдірді. Ал тапсырыс беруші қалалық әкімдік өкілдері мұны бар болғаны асығыстықтан кеткен қателік деп отыр. Тілшіміз мәселеге үңіліп, тараптарды тындап көрді.
«Тағзым» аллеясын Жеңіс күні облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов өзі ашқан еді. Мұнда екінші дүниежүзілік соғыс қаһармандарына арналған 14 бюст орнатылыпты. Олардың арасында Кеңес Одағының батырлары, Халық қаһарманы мен «Даңқ» орденінің иегерлері бар. Алғашында жағымды жаңалыққа көпшілік қуанғанымен, тастағы қателіктер зиялы қауымның ашуын туғызды. Өлкетанушы, жазушы Өтепберген Әлімгереев, қателерді жергілікті сайттарға жарияланған суреттерден көрген.
Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ, ЖАЗУШЫ, ӨЛКЕТАНУШЫ:
Шаминнің кеудесінде алтын жұлдыз да тұр. Даңқ орденінің үш ордені да тұр. Үшеуі толық иегері. Бұл қате. Түбірімен қате ондай адам біздің өңірде ондай адам жоқ. сондықтан ана жұлдыз артық. Бұл кісі «Даңқ» орденінің толық иегері. Бұл бір қате.
Бұдан өзге «Даңқ» орденінің толық иегері Шүкір Таңатарұлын, Таңатұлы деп қашап жазған. Ал, Сақып Қызыловты, Сақап депті. Жазушы бұл батырлардың рухы мен ұрпағының алдында ұят,- дейді. Сондай-ақ ол Кеңес Одағының Батыры деген кезде Батыры сөзі үлкен әріппен жазылу керектігін ескертті. Бюсттерді орнатуға тапсырыс беруші қалалық әкімдік болса, жағдайға қанық. Олар бұл шараға тарихшыларды тартпағандарын мойындайды, деректерді ғаламтордағы ашық ақпарат көздерінен алыпты.
Ұлықбек ТНӘЛИЕВ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Біз ашық деректерді пайдаланып, ардагерлер кеңесімен ақылдасып, ондай жұмыстарды атқарған болатынбыз. Жұмысшы тобында ішкі саясат, мәдениет бөлімдері құрамында болды. Жоқ. тарихшылар қатысқан жоқ. Жұмыс барысында біз бірнеше рет ескертулер берілді. 14 бюст болғандықтан, кейбір ескертулер жасалыпты, кейбір ескертулер қателер шықты.
Бюсттардың авторы оралдық мүсінші Дмитрий Баймұқашев үлкен істі тиянақты орындауға уақыт тығыз болғанын айтты. Бұл жұмысты тек наурыз айында ғана қолға алғанын жеткізді. Асығыстықтың салдарынан кеткен техникалық қателіктерді түзетуге дайын
Дмитрий БАЙМҰҚАШЕВ, МҮСІНШІ:
Маған қандай ақпарат берді, сол бойынша жасадым. Менің қателігім «Алтын жұлдызды» алып тасауды ескерткен еді, оны ұмытып кетіппін. Бұл - таза техникалық қателік. Ал фамилиядағы бұл дизайнердің қателігі. Уақыт өте тығыз болды. Келіскен мерзімге үлгеруге тырыстық. Қазір материалмен проблема боп тұр. Ресейден іздеп жатырмын. Таптырмайтын материал. Егер табылса бір күндік шаруа. Мені түсініңіздер. Мен өнер адамы ретінде ордендерді айыра алмаймын. Біз бастысы порттреттік ұқсастыққа назар аудардық.
Қалалық әкімдіктің мәліметінше, 1 бюстті орнатуға шамамен 6 миллион 500 мың теңге шыққан. Яғни «Тағзым» аллеясындағы 14 мүсінге 91 млн теңге жұмсалыпты. Жергілікті билік бұған қазынаның бір тиыны да жұмсалмағанын айтады. Ұлы Жеңістің құрметіне аймақтағы 14 компания демеушілік жасапты.
Б. Надирқызы