Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

Алматылықтар қалай болса солай төселген асфальт жабындысына наразы

AstanaTV
23.07.2020ж. 20:00
2462
Алматылықтар қалай болса солай төселген асфальт жабындысына наразы

Наурызбай ауданының тұрғындары Кенесары көшесінің бүгінгі келбетін әлеуметтік желі арқылы көрсетіп, жергілікті биліктен жауап сұрады. Сау жолды ойқы-шойқы қылды деген олар, жұмысына жауапсыз қарағандардың әрекетін сынады. 

Данияр ӘУБӘКІРОВ, ТҰРҒЫН:

Күні кешеге дейін бұл жерде жол жақсы болатын. Бір айдан аса уақыт жолды қазып кәріз құбырларын жүргізді. Енді міне нәтижесі, қисық қылып тастап кетті. Тастар көліктерге тиіп кете ме, деп қорқасың.

Жалғас, ТҰРҒЫН:

Мынау әрине көңілден шықпайды. Дұрыстап жасау керек қой. Уақытша шығар. Қазғаннан кейін бәрін қырып тастап, жаңадан жасау керек. Тегістеу керек. Мынау енді болмайды қазір.

Кенесары көшесіндегі тегістелмеген асфальт жабындысының төңірегіндегі даудан аудан атқамінерлері хабардар. Олар бұл уақытша жабынды екенін, су құбыры толық жүргізіліп біткен соң жолды жасайтындарын айтып ақталды.

Өркен ҚОДАРОВ, АЛМАТЫ қ. НАУРЫЗБАЙ АУДАНДЫҚ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Неге біз оны тездетіп салдық? Өйткені ол көшемен аталған ықшам ауданға қоғамдық көліктер жүріп тұруын тездету үшін біз осы жағдайды қазір жасадық. Енді ол да аз уақыттың ішінде қайтадан толық, сапаға сай асфальт төсеніш салынатын болады алдағы уақытта.

Аудан әкімдігінің дерегінше биыл жазда 6 ықшамауданың жолы қазылып, құбыр тарту жұмыстары жүріп жатыр. Алайда тұрғындары тым болмаса уақытша салынған жолды тегістеп берсе дейді. Өйткені асфальт сынықтарының жан-жаққа шашылып жатыр дейді.

А. Кемелжан