Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қызылжарда көпқабатты баспана әлі күнге коммуналды желілерге қосылмаған

AstanaTV
01.09.2020ж. 20:00
2200
Қызылжарда көпқабатты баспана әлі күнге коммуналды желілерге қосылмаған

350 миллион теңге қайда? Петропавл әкімдігі жаңадан салынған көпқабатты үйдің инфрақұрылымына осынша қаражат бөлген. Бірақ екі ай бұрын пайдалануға берілген тұрғын үй әлі күнге өркениетке  қосылмаған. Осының кесірінен тұрғындар үйлеріне қоныстана алмай жүр. Иппотека, мерзімінен кешікпей төленіп жатыр. Бұл, пәтер жалдап жүрген ағайынның қалтасына салмақ салды. Жұмыстың сағызша созылуына кім кінәлі? Мәселені аймақтағы тілшіміз қазбалап көрді.

Петропавлдің орталық көшелерінде орналасқан 9 қабатты үйдің құрылысы былтыр басталған. Тапсырылғанын екі ай болды. Тұрғын үйді, жеке-меншік құрылыс компаниясы өз қаражатына тұрғызды. Тең жартысы қолма-қол ақшаға сатылды. Қалғаны "7-20-25" бағдарламасымен рәсімдеген. Пәтерлер 100 пайызға сатылғанымен тұрғын үй толық аяқталмаған. Ең негізгі мәселе коммуналды желілердің қосылмағандығында.

Вадим АДЕЛЕВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Үйде не жарық, не су жоқ. Коммуналды компанияларға жүгінсек, олар бұл үйдің әлі балансқа өтпегенін айтады. Яғни, құрылыс компаниясы құжаттарды әлі тапсырмаған. Ал, ол болса, "Біз үйді түгел тапсырып қойдық", деп отыр.

Талғат ЖАНСЕЙІТОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Менің балаларым осы үйден пәтер сатып алды. Иппотекаға алынған. Дайын болмаған соң, пәтер жалдауға мәжбүр. Екі есе шығынға батты. Жақында, оқу маусымы басталады. Олқылықтар қыркүйекке дейін аяқталса көрім.

Тұрғын үй жеке инвестордың қаражатына салынғанымен инфроқұрылымдық желілер тарту жергілікті әкімдік мойнында. Бір қызығы атқамінерлердің айтуынша, ол тартылып қойған. Бюджеттен оған 350 млн теңге бөлініп, жүйе бір ай бұрын жүргізіліпті.

Асқар ХАБИБУЛИН, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Инфрақұрылымды тарту жұмысы былтыр басталды. Біз бүкіл жоспарды уақытында орындадық. Яғни, шілденің 23-нде электр тоғын өткіздік, ал суды тамыз айында бердік. Тұрғын үй коммуналдық жүйелерге толықтай қосылған. Енді су мен жарықты пәтерге құрылыс компаниясы таратуы тиіс.

Ал, құжат бойынша ресми тапсырылған үйде мұның бірі жоқ. Өйткені құрылыс компаниясы электр есептегіштерін қондырмапты. Сылбыр қимылдап жатқан бас мердігер жұмыс ретімен жүріп жатқанын айтады.

Виктор СИРОМСКИЙ, ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

Су құбырларына алды күні пломба салынды. Енді судың сараптамасын эпидемиологтар тексеруі тиіс. Кейін оның қорытындысын "Қызылжар суға" апарып тапсырамыз. Электр энергиясы да жуық арада қосылады. Қазір есептеуіш құралдарын орнатып жатырмыз. Ізінше жауапты кәсіпорынға тапсырыс беріп, жарықты қосамыз.

Құрылыс компаниясы, құжаттарды 10 күннің ішінде реттеп, барлық коммуникацияны қосатынын айтып отыр. Ал, кәсіпорын уәдесінен шаршаған жұрт жарық, су болмаса да тұрған үйге, бүгіннен көшіп, кіріп жатыр.

А.Құрманкин