Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Кәсіпорындар Қарағанды экономикасын қолдауы тиіс, - Ж. Қасымбек

AstanaTV
03.09.2020ж. 20:00
1999
Кәсіпорындар Қарағанды экономикасын қолдауы тиіс, - Ж. Қасымбек

Кәсіпорындар қысқартуға жол бермей, керісінше жаңа жұмыс орындарын ашуы тиіс. Ел Президенті Жолдауында айтылған бұл мәселе кеншілер қаласы Қарағандыға осындай міндет жүктеп отыр. Аймақ әкімі Жеңіс Қасымбек осылай деді. Қазір өңірде мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру жоспары әзірленген. Қарағанды облысында 44 ірі инвестициялық жоба жұмыс істеуде. Онда 13 мың адам жұмыспен қамтылған. Тағы 2 мың 500 жаңа жұмыс орнын ұсынатын, 12 кәсіпорынды іске қосу жоспарда бар. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек актив отырысында Президент жолдауында  өңірлерді дамытуға қатысты айтылғанын еске салды.

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
 
Ел президенті Қасым Жомарт Кемелұлы ірі металлургиялық кәсіпорындар шоғырланған өңірлерді дамытуға қатысты тың көзқарас керек деді, яғни біздің өндірістік өңірді Жолдауда айтылғандай орталыққа айналдырудың идеясы бүгіннен басталып, тың көзқарас бүгіннен басталуы тиіс.


Аймақта атқарылып жатқан істерді саралаған әкім, тұрғын үй құрылысы қарқын алғанын айтты. Ал мектептерде арнайы кәсіптік орталықтар ашылатынын мәлім етті. Бұдан бөлек балабақшамен қамту жұмыстары да бірізге түскен деп отыр. Өйткені қазір 84 пайыз бала балабақшаға барып жүр.

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

 
Бір жастан алты жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамтамасыз ету 84 пайызды құрады. Биылғы жылы 14 мектепке дейінгі мекеме ашылды оның ішінде тоғызы жекеменшік болып отыр. Мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында балабақша ашу механизімін қолданудың арқасында балалардың мектепке дейінгі мекемеге көп келуін қамтамасыз еттік.

Бұдан бөлек дәрігерлер күзде өршуі мүмкін деп қауіптеніп отырған індетке дайындық қызған. Облыста жалпы тәжірбие дәрігерлерін даярлау ұлғайтылмақ. Келесі айда қосымша компьютерлік томография, зертхана ашу жоспарланған. Ал, Жезқазғанда модульді жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы жүріп жатыр.  Қарағандыда заманауи технологиялармен қамтамасыз етілетін ЭКО орталығын құрылады. Өйткені, өңірде екі мың отбасы бедеуліктің салдарынан бала сүйе алмай отыр.