Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Ақтөбедегі оқушы қыздардың қатігездігі үшін ата-анасы жауапқа тартылуы мүмкін

AstanaTV
22.09.2020ж. 20:00
4769
Ақтөбедегі оқушы қыздардың қатігездігі үшін ата-анасы жауапқа тартылуы мүмкін

Ақтөбе облысында үш ауылдың оқушы қыздары өзара төбелескен. Оны өздері видеоға түсіріп, ғаламторға таратқан. Шашынан тартып, таяқтың астында қалған қыз, абырой болғанда аман. Қазір қатігез қыздардың әрекетін полиция тергеуге алды. Өз қатарласына қорлық көрсеткендерді қандай жаза күтіп тұрғанын тілшіміз Бақыт Рахметова біліп қайтты.

Оқушы қыздардың жантүршігерлік қатыгездігі қазнетті шулатты. Өрімдей қыздар, құрбыларының қолын қайырып, шашынан сүйреп өлімше етіп, сабап жатыр. Тағы бір таңдай қақтыратыны мұны қыздар өздері түсіріп интернетке өздері жүктеген.

Нұргүл БЕРТІЛЕУОВА, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл төбелестің басты себебі Шұбарши, Саркөл және Кеңқияқ елдімекендерінің қыздарының арасында он қыз баланың арасында бір сөзге келіспеушілік, бір-бірінің сөзін көтере алмау сияқты факті болған. Бір-бірімен чат арқылы сөзге келіп қалып, артынан кездесу барысында бір-бірінің ауыр сөздерін көтере алмай төбелес орын алған.


Қыздар 8-ші, 9-шы, 10-сы ныпыта оқитыны белгілі болды. Таяқ жеген 8-ші сыныптың оқушысы  ауыр дене жарақатын алмапты. Бірақ жүйкесіне зақым келген дейді психолог. Мамандардың ойынша, бұл жерде қателік қыздарда ғана емес. Ата-ана, балаларына дұрыс тәрбие бере алмаған.

Ирина УКРАИНЦЕВА, ПСИХОЛОГ:

Зардап шеккен қыз мұның алдында да осындай жағдайға тап болуы мүмкін. Егер ол бұдан бұрын қатарластарынан балағат сөздер естіп қорыту көрген болса ата-анасына айтуы керек еді. Қатігездік танытқан қыздардың да ата-анасы тарапынан да кемшіліктер бары көрініп тұр.


Өрімдей қыздардың жаға ұстатарлық қылықтары ғаламторды ғана шулатқан жоқ. Бүкіл Темір ауданы қазір аяғынан тік тұрды. Аудандық Білім бөлімі, прокуратура және ішкі істер органдары ауылға барып тексерісті бастады. Арнайы комиссия құрылды. Осыдан қаймықты ма, қатігез қыздар райынан қайтқан. Орамал таққан оқушы қыздар көзінен алты тарам жас ағызып, кешірім сұрады.

Дейтұрғанмен үш мектептің директорлары, олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен сынып жетекшілері жауапқа тартылған. Ал, қыздардың жат қылығына қатысты полиция қылмыстық іс қозғапты.  

Ерболат САРҚҰЛОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:


Аталған факті негізінде қылмыстық кодекстің 293-бабы 2 бөлігі бұзалылық бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Қазіргі уақытта кәмелетке толмағандардың ата-аналарын балаларды тиісінше тәрбиелемегені үшін жауапкершілікке тарту мәселесі шешілуде.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:

Төбелес құмар қыздар әзірге мектеп ішілік есепке алынып отыр. Ал, полиция "Бұзақылық" бабымен қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Б. Рахметова