Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

«Нұр Отан» партиясы мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын бақылауды жалғастырады

AstanaTV
21.09.2017ж. 20:00
2427
«Нұр Отан» партиясы мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын бақылауды жалғастырады

«Нұр Отан» партиясы Президент тапсырмалары мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына бақылауды жалғастыра береді. "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед осылай деді.

Бүгін партия 2015-2019 жылдарға арналған индустириялды-инновациялық даму бағдарламасы бойынша министрдің есебін тыңдады. Соңғы 7 жылда елімізде 500-ге жуық жаңа өнім түрлерін өндіру ісі қолға алынған. Бүгінде партия өзінің Сайлауалды бағдарламасында нақты көрсетілген базалық салалар мен инновацияны дамыту міндеттерін жүзеге асыру бағытында жұмыстар жүргізуде. Соның нәтижесінде 2021 жылы елімізде түрлі-түсті металлургия экспорты 20 пайызға өседі деп жоспарланған. Сондай-ақ, мұнай-газ саласында бәсекеге қабілеттілік артып, энергиямен қамтамасыз ететін кәсіпорындардың аясы кеңеймек.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Елбасының тапсырмасымен индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 1000-нан астам жаңа кәсіпорындар салынды. Оны жүзеге асыруға 5 триллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Елімізге бүкіл дүниежүзіне танымал аса ірі компаниялар келіп, миллиардтаған доллар инвестиция салды және ең озық технологияларды әкелді. Дәл осы жаңа кәсіпорындар, мұнай бағасы үш есеге төмендеген кезде, ел экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз етіп отыр. Ендеше біз Елбасы тапсырмаларының уақытында орындалуын қатаң бақылауға алуымыз керек.

7,5 жыл  ішінде Индустрияландыру картасының аясында елімізде жалпы сомасы 5,1 триллион тұратын 1060 жоба қолға алынып, 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары ашылған. Тек осы жылдың өткен 8 айында ғана 489,8 млрд теңгені құрайтын 32 жоба жүзеге асырылды. Ашылған жұмыс орны 3,9 мыңды құрайды. Жиында партия мүшелері кейбір өзекті сұрақтарға назар аударды. Көпішілікті Теміртаудағы екінші жылу электр орталығының қысқы маусымға  дайындығы алаңдатады.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Облыс жаңағыдай проблемалар болып тұрған жағдайда, алдын ала дайын болып, кез келген уақытта халықты жылумен, электр энергиясымен қамтамасыз етуге дайын тұру керек деп есептейміз. 

Алмас Айдаров, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары:

Арселормен бірлесіп, 2,7 млрд теңге бөлінді. Капиталды ремонтқа 3 котелді қойып жатырмыз. 2 котелді биыл бітіреді. Қазіргі кезде станция 17-18 жылу маусымына дайын. 1-қазанға дейін барлық қазандықтар дайын болады.