Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

«Қаратау-2017» жедел-стратегиялық оқу жаттығуы аяқталды

AstanaTV
21.09.2017ж. 20:00
2573
«Қаратау-2017» жедел-стратегиялық оқу жаттығуы аяқталды

Қарулы күштеріміз қандай қиындыққа да дайын екенін тағы бір рет көрсетті. Елімізде «Қаратау-2017» жедел-стратегиялық оқу жаттығулары аяқталды. Он күнге созылған шараның ең белсенді бөлігі Мәтібұлақ полигонында жүргізілді. Жамбыл облысына қарасты Сарыбастау тауының етегіне жасырынған заңсыз қарулы топты талқандау 6000-ға жуық сарбаздың еншісіне бұйырыпты. Барлық күштік құрылымның әрекетін Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақовтың өзі қадағалады. Ал, көп күндік жаттығу нүктесі, бүгін, десанттық шабуылдың соққысымен «Көктал» полигонында қойылды.

Тау етегіне жүз елуге жуық жау жасырынған. Заңсыз қарулы топтың қадамын анықтау мен бақылау алғаш рет Винлонг ұшқышсыз аппаратына жүктеліпті. Шекара шебін бұзған лаңкестік топтың апаны белгілі болған соң мұнда барлық күштік құрылым жеткізілді.  6000-ға жуық сарбаз бен мыңға жуық техника жұмылдырылған жедел стратегиялық шабуыл тек тоғыз күннен кейін ғана басталды. Алғашқы соққы әуеден болды. Мұнан кейін артиллерия мен сауытты танктер жау әскерін қоршауға алды. Мотоатқыштар тобы зеңбіректен аман қалғандарды анықтап, етекті сүзіп шықты. Мүлгіген тыныштықты бұзған мылтық даусы мен шаңға оранған сардала бір сағатқа жетпей қайта қалпына келді.

Марат Құсайынов, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы:

Көп күндік жаттығу мақсатына жетті деп ойлаймын. Бастысы, елімізде тыныштық пен бейбітшіліктің сақталғаны. Ол үшін, біз қашанда сақадай сай болуымыз қажет. Жиі дайындықтан өтіп, біліктілікті пысықтауды тоқтатпаған жөн. Әскери жаттығуда алғашқылардың бірі болып «Винлонг», «Скайларг» ұшқышсыз аппараттарын, Ми-35 тік ұшағының мүмкіндігін сынап көрдік. Бұл жау әскерінің орналасқан жері мен санын анықтауда уақыт үнемдеуге көмегін берді.

Үш сатыдан тұратын жаттығудың Мәтібұлақтағы белсенді күнін Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақовтың өзі бақылады. Соңында, күштік құрылымның негізгі нүктесін көріп, жаңа технологиялардың мүмкіндіктерімен танысты. Яғни жабық желі байланысы, ұшқышсыз аппараттардың басқарылуы да назардан тыс қалмады.

Сәкен Жасұзақов, ҚР Қорғаныс министрі:

Бұрын жоқ еді. Осы қазір бірінші рет алып, жаттығуда қолданып жатырмыз.

Олжас Нұржақып, тілші:

Мәтібұлақ полигонындағы дала жаттығуларының белсенді күнінде Ми-35 тікұшағының, артиллериялық ауыр соққы және танк атыс шабуылының мүмкіндіктеріне куә болдық. Сириялық сценарий жүйесімен жүргізілген әрекеттердің нәтижесіне Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов жоғары баға берді. Бұл, әрине, отандық әскеріміздің қандай да болсын жағдайға дайын екендігінің көрінісі.

Қарулы күштеріміздің дайындығын шыңдау, заңсыз топты түбірімен жою жұмыстары, бүгін «Көктал» полигонында жалғасты. Жедел-стратегиялық жаттығу барысындағы соңғы соққылар десанттық шабуыл жасағы тарапынан болды. Осылайша, еліміздің төрт аймағында бір уақытта басталған «Қаратау-2017» оқу жаттығуы өз мәресіне жетті. Жалпы, әскери дайындыққа бір жарым мыңдай техника, 40-тан астам ұшақ пен тікұшақ, 10 мыңға жуық сарбаз, сонымен қатар әскери-теңіз кемелері тартылды.

Олжас НҰРЖАҚЫП