Қазақстанда коронавирусты жұқтырғандар көбейіп келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше бұл көрсеткіші 0,6 пайызға өскен. Егер бұлай жалғаса берсе, желтоқсанда қайтадан қатаң карантинге оралуымыз мүмкін. Министрлік осылай деді. Бұл мәселеге Президентте алаңдаулы. Ол бүгін саладағы бірқатар олқылықтарды жіпке тізді. Тақырыпты әріптесім Асылбек Данияр жалғастырады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша әлемдегі біраз елде эпидахуал күрделеніп барады. Біз кезекті толқынға дайын болуымыз керек деді. Бірақ аймақтарда сақтық шаралары ұмытылғанын, әкімдердің есіне салды. Сонымен бірге, ПРТ сынамасы мен медициналық масканың қымбаттығын сынға алды. Ел аумағы бойынша масканың орташа бағасы әртүрлі. Ең қымбат бетперде Алматы қаласында. Бір реттік маска құны мұнда 150 теңге тұрады. Ал, ең арзаны Шығыс және Батыс Қазақстан облыстарында.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазір коронавирусқа алынатын тестілеудің төмендеу тенденциясы байқалады. Күніне орта есеппен 18 мың зерттеу жүргізіледі. Зертханалардың жүктемесі тек 40%-ды ғана құрайды. Бұл аймақтардағы тест жүргізудің бәсең екенін көрсетеді. Сондай-ақ бүкіл әлемде тестілеу құнының төмендеуіне қарамастан, біздің бағаларымыз әлі де жоғары. 10-18 мың теңге аралығында.
Бұл халықтың едәуір бөлігі үшін қолайсыз баға деп санаймын. Үкімет пен әкімдер тестілеудің халық үшін қолжетімді болуын қадағаласын.
Қытайлық кеселдің жаздағы қиын кезеңі, Маңғыстау мен Алматы облыстарының денсаулық сақтау сақтау басқармаларына сабақ болмапты. Тексеріс кезінде мұндағы дайындық көңіл көншітпеген.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Осы олқылықтарды Үкімет пен әкімдер дереу түзетуге міндетті. Үкіметке әкімдермен бірлесіп, екі апта ішінде тұрақтандыру қорларын белгіленген нормативке сәйкес жасақтауды және медицина инфрақұрылымының толық дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырамын.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың тағы бір тапсырмасы - әуежайлар мен теміржол вокзалдарындағы эпидемиологиялық бақылауды қатаңдату туралы. Яғни транспортқа отыратын барлық жолушылардың денсаулығын жіті тексеру міндеттелмек.
Бағдат ҚОЖАХМЕТОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Егер де бір ұшақпен ұшып келген немесе бір автобуспен, көлікпен келген азаматтардың ішінен біреуінен 14 күннің ішінде COVID-19 ауруы анықталса барлық жолаушылар және 14 күнде байланыста болғандардың бәрі анықталып, әрқайсысымен жеке жұмыс жүргізіледі.
Ал, бүгін Беларусь пен Түркиядан Нұр-Сұлтанға оралған 123 жолаушы стационарға жатқызылды. Сонымен бірге екі жолаушы келген еліне қайта депортацияланды. Олар шетел азаматтары.
Зарина БУЕНБАЕВА, Н.НАЗАРБАЕВ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕЖАЙЫНЫҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Бірі Минскі яғни Беларусь азаматы, екіншісі Түркияның азаматы. Олардың депортациялануының басты себебі: біріншісінің анықтамасы мерзімінен өтіп кеткен. Ал, екіншісінің анықтамасы тек антиденелерге арналған экспрес тестің анықтамасы болатын.
Мемлекет басшысы пандемияның екінші толқынында ауыр соққыны мойнына алатын медицина қызметкерлеріне төленетін үстемақы мәселесін қиындатпау керек деді. Қағазбастылыққа уақыт өткізбей, қайтыс болған дәрігерлердің отбасыларына тиісті жәрдемақыларды тез арада төлеуді міндеттеді.
А. Данияр