Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Оралдағы көпқабатты үй тұрғындары нәжіске батып отыр

AstanaTV
21.10.2020ж. 20:00
2258
Оралдағы көпқабатты үй тұрғындары нәжіске батып отыр

Оралдағы көпқабатты үй тұрғындарына, пәтерлеріне кіріп-шығу мұң болып отыр. Үш күннен бері үйдің жертөлесі лас суға толып, нәжіске батқан. Қолқаны қапқан иіс, берекесін қашырған тұрғындар енді кімнен көмек сұрарын білмейді. Айтуларынша, кәріз суын тазалауға міндетті «Батыс су арнасы» жұмысшылары әлі келмеген.

Айбек үшін соңғы үш күн азапқа толы болды. Үйіне кіріп-шығу қиындағанын айтқан жігіт ағасы жауапты мекемелердің телефонын түгендеп, тіпті нөмірін де жаттап алған. Бірақ уәделі көмек әлі жоқ.

Айбек ӨТЕҒАЛИЕВ, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мынаның ішін қарасаңыз, канализация бес этаждан кеткен. Сідік, туалеттің боғы, боқ бәрі ағып тізеден келеді. Кешеден бері подъезд сасып тұр. Мысалы, тұрғындар барынша ақшаларын төлеп жатыр. Ақша алуға жақсы. Ал жұмысқа келгенде жауапкершіліктен бәрі қашады.


Жуынды жертөледен шығып жатыр. Ол нәжіске лық толы. Ал жағымсыз иіс қолқаны қабады. Зарықтырып бүгін жеткен пәтер иелері кооперативінің қызметкері, жертөлеге кіруден бас тартты.

Тұрғындардың сөзінше, жайылған су қазір жерге біртіндеп сіңе бастаған. Осыған алаңдаған олар үйдің іргетасы отырып, шөгіп кету қаупі бар деді. ПИК өкілдері болса, келеңсіздікке тұрғындардың өзін кінәлап шықты.

ПИК ӨКІЛІ:

Тұрғындардың бірі дәретханаға әлдебір затты салып жіберуі мүмкін. Осының кесірінен құбыр бітеліп қалады. Жалпы қала бойынша мұндай жағдай жиі болып тұрады. Тұрғындардың бүлдіргенін түзейміз деп шаршадық.

Пәтер иелері кооперативі өкілінің сөзінше, алдымен кәріз құдығындағы су тазартылуы тиіс. Құбырға не болғаны содан кейін ғана тексерілмек. Жертөлені тазалауға шақыртылған көлік бүгін де келмеді.  

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Пәтер иелері кооперативінің жұмысына көңілі толмаған тұрғындар, енді «Меншік иелері бірлестігін» құруға ниетті. Яғни, ПИК-тің жұмысы үй иелерінің біріне сеніп тапсырылады. Әзірге қаладағы 1200-ден астам көпқабатты үйдің екеуінің тұрғындары осы бастаманы іске асырып жатыр.

Е. Карин