Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Пандемия кезінде Алматыдағы 5 жұлдызды қонақ үйде кім той өткізбек болды?

AstanaTV
06.11.2020ж. 20:00
2541
Пандемия кезінде Алматыдағы 5 жұлдызды қонақ үйде кім той өткізбек болды?

"Пандемия кезінде Алматыда 150 адамдық той өткізуге болады", деген қағаз бүкіл елдің құлағын елең еткізді. "Құжат шынайы. Астында Алматы бас санитары Жандарбек Бекшиннің қолы бар", деген ақпарат тіпті "отқа май құйғандай" болды. Сонда қалай? Бас санитар өз талабын өзі бұзды ма? Әсем Лесбек анықтап көрді.

Бұл хабарлама кеше шығып қазнетті әбден шулатты. "Алматыдағы 5 жұлдызды қонақ үйдің бірі 150 адамға той жасайды. Бас санитардың рұқсаты бар", деген құжатқа бүкіл ел елең етті. Әлеуметтік желілілер жарылып, бүкіл мессенджер шулады.

Құжат рас болып шықты. Бас дәрігердің қолы да шындық. Бірақ ол тойға емес спортшылардың жиналысына беріліпті. Бірақ, "Тренинг санитарлық нормаларға сай өтсін", деген талап қойылған.

Бұл қағаз қыркүйектің 30-ы берілген. Жарамдылығы жарты ай. Осы екі апталық мерзімді "қымбат қонақ үй" басшылығы өз пайдаларына жаратқан көрінеді. Мейрамханада той өтіпті мыс. Бұл ақпаратты мониторингтік топ мүшелері растамады, бірақ теріске де шығармады.

Кенжегүл ҚОНЫСБАЕВА, АЛМАТЫ қ. САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
 
Ғимаратта іс-шаралардың өткізіліп жатқандығын естігеніміз рас. Бірақ тексергенімізде ақпарат расталмады. Сондықтан біз оларға айыппұл салған жоқпыз. Ал бір реттік рұқсат қағазы негізінде тек «Қайрат» футбол клубының өкілдеріне берілген. Олар сол күні аталмыш мейрамханада жиналыс өткізбекші болған.  


Жағдайды толық білу мақсатында 5 жұлдызды қонақ-үйге бардық. Басшылары басында уақыт созды. Артынан, "жауап жазбаша беріледі", деді. Ақыры, телефон тұтқасын көтермей қойды.

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Даулы құжатқа қатысты бас санитардың өзі әзірге ешқандай түсінік бермеді. Белгілісі, бұл рұқсат-қағаз әйгілі "Қайрат" футбол клубына берілген. Спортшылардың қонақ үйде тренинг өткізбек болғанына ел сенбейтін сияқты. Әлеуметтік желі пайдаланушылары, "Бұл мәселені әбден тергеу керек", деп жарыса жазып жатыр.

Ә. Лесбек