Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Ақтөбе облысындағы саудагерлер миллиондаған шығынға батты

AstanaTV
18.01.2021ж. 20:00
2200
Ақтөбе облысындағы саудагерлер миллиондаған шығынға батты

Ақтөбенің Қандыағаш қаласында «Алан» жабық сауда үйі өртке оранып, кәсіпкерлер шаш етектен шығынға батты. 60-тан астам саудагердің тауары түгі қалмай жанып кетті. Әрқайсы шамамен 2 миллион теңгеге жуық шығын көрдік деп отыр. Енді жалпы соммасы 100 миллион теңге болатын шығынды кім өтейді? Өңірдегі әріптесім Бақыт Рахметованың репортажы.

Базардың түгі қалмай жанып кеткен. Шамамен 700 шаршы метр аумақ күлге айналған. Бір түннің ішінде 62 сауда орынындағы тауар жоқ болды.   

ШОЛПАН, КӘСІПКЕР:

30 жыл базарда тұрғаныма болмаған жағдай. Қаншама зат 5 млн теңгенің заты кетті. Затымыз күл талқан болды. Ешкім жауап бермейді. Базар жауап бермейміз дейді. Білмеймін енді. Акиматқа бардық. Акиматта көмектесуі шамалы. Не істерімді білмей тұрмын.

Гүлсім ІЗІМОВА, КӘСІПКЕР:  

3 миллионның заты кетіп қалды. Жақында обновка жасап едім. Народный банктен кредит алып едім. Бәрі кетті. Не істемейміз? Ештеңе қалмаған.

 
Халық арасында «Сары базар» аталып кеткен бұл базарда,ұсақ-түйектен бастап, киім-кешек, ойыншық сында қажеттінің бәрі саудаланып келген. Бас- аяғы 62 кәсіпкердің тауары болған. Олардың пайымынша әрқайсы орта есеппен 1,5 миллионнан 5 миллион теңгеге дейін шығынға батқан.  

Анарбек ҚОСТАН, КӘСІПКЕР:

Жалғыз мен емес қаншама адам шығынға батты. Қаншама адамның семья бағып отырған  көз жасы. Ер адам болсамда өзім қатты босап тұрмын. Біздер кешке базарды жауып, кілттеп базардың басшылығына сеніп аманат қылып тапсырамыз. Олар аманатқа қиянат жасады деп ойлаймын. Өйткені жұмыс кезінде емес жұмыстан тыс уақытта болды. Олар шығынды өтеп беруге тиісті.

Абырой болғанда өрттен адамдар дін аман. Қазір тілсіз жаудың шығу себебі мен келген шығын көлемі анықталуда.

Нұрхат ҚАЛДЫБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ТЖД ӨРТ СӨНДІРУДІ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнында зертеу сынақ зертханасы жұмыс жасауда. Өрттің шығу себебі анықталуда.


Келеңсіздікке орай арнайы комиссия құрылды. Олар жалпы шығын көлемін есептемек. Ал, полиция қылмыстық іс қозғады.  

Ғалым ҚОБЛАНДИН, МҰҒАЛЖАР АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазір біз «Алан» базарының әкімшілігімен келісім жүргізіп жатырмыз. Базар алаңынан зардап шеккен адамдарға базар әкімшілігі тегін нүктелер беруге дайын. Алдағы уақытта заң талабына сәйкес шешілетін болады.

Бірақ тауарынан бір түнде айрылып қалған кәсіпкерлер, тегін орында не сататындарын білмей дал. Жалпы өткен 18 күн ішінде Ақтөбе облысы бойынша 36 өрт оқиғасы тіркелген. Бір адам тілсіз жаудың құрбаны болған.

Б. Рақметова