Елде соңғы бір жыл ішінде 9 мыңнан астам өрт дерегі тіркелген. Тілсіз жаудан 200-ден астам адам ажал құшқан. Бүгін Мәжіліс депутаттары Төтенше жағдайлар министрлігін сынның астына алды. Депутат Фахриддин Қаратаев, орын алған қайғылы оқиғалар құтқарушылар жұмысының әлсіздігінен деп отыр. Әсіресе, Жаңатас, Қызылорда және Петропавлдағы өртке қатысты кінәлі лауазымды тұлғаларға қатаң шаралар қабылдауды ұсынды. Мәжілістегі жиын жайлы тілшіміз баяндайды.
Қашанғы тұрғындарымыз оттың астында қала беру керек? Ертеңгі күні бұндай жағдайлар қайталанбауына кім кепіл? Үкіметке осындай сауал жолдаған депутаттар мәселенің тезірек шешілуін талап етті. Тіпті өткен жылы қайта құрылған Төтенше жағдайлар министрлігі жұмысын тиімсіз деп сөкті. Жауаптылардың жауапсыздығына көңілі толмаған мәжілісмендер өрттің алдын-алу шараларын реттеуге шындап кіріскен сыңайлы.
Фахриддин ҚАРАТАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ «NUR OTAN» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Осындай жағдайлардың алдын алу жөніндегі ахуал ерекше бақылауға алынып, Төтенше жағдайлар министрлігі жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, профилактикалық жұмыстарды өрт қауіпсіздігін бақылау және алдын алу шараларды күшейту жөніндегі жүйелі жұмыстарды жүргізуді ұсынамыз.
Депутаттарды алаңдатқан тағы бір мәселе көктемгі тасқынға дайындықтың әлсіздігі. Мәселен, бір ғана Ақмола облысында биыл 125 елді-мекенді су басу қаупі бар. Дегенмен төтенше жағдай мамандары қауіптің алдын-алу жұмыстарын бастаған. Тіпті топан сумен күреске жергілікті қазынадан 72 миллион теңге қаражат бөлінген.
Еркін БЕРДІБЕКОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ТЖД ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫ ЖОЮДЫҢ АЛДЫН АЛУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
Облыстағы елді-мекендерді су тасқынынан және еріген қар суынан қорғау үшін қауіп бар учаскелерде жұмыстары жүргізу жоспарланды. Алдын-алу жұмыстары жазда басталып кеткен. Барлық қажетті техникалық жарақтар әзірленген.
Өңірлердегі департамент басшыларынан бастап, министрлік өкілдеріне дейін апатқа дайындықтың жоғары екенін айтады. Алайда, статистикаға депутаттардың көңілі толмай отыр. Артур Платонов тасқынның алдын-алуға жұмсалатын қаржыдан, апаттың салдарын жоюға бөлінетін қаражаттың көп екеніне наразы. Депутат мұндай олқылыққа жол бермеу керек деп отыр.
Артур ПЛАТОНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ «NUR OTAN» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Халықты төтенше жағдай туралы уақытылы хабардар ету мәселесі әлі әлсіз болып тұр. Толық шешілді ме? Жергілікті атқарушы органдарда барлық қажетті техникалық және ақпараттық дайындық жүргізілсе де, неліктен су басу көлемі азаймай отыр? Жауапты мекемелердің жауапкершілігін мұқият қадағалау қажет сияқты.
Көктемде 2 ел аумағы бойынша 76 елді-мекен су астында қалуы мүмкін. Онда жалпы 270 мыңнан астам адам тұрады.
Ғ.Өтемісов