$472.49 €515.44 ₽5.41
×

Павлодарда жайылымдық жерге егін екпекші болған

AstanaTV
18.06.2021ж. 20:00
2560
Павлодарда жайылымдық жерге егін екпекші болған

Павлодар облысында Ақтоғай ауданының әкімдігі жайылымдық жерді егін егуге бермек болған. Бұған тұрғындар қарсы шығып, шу көтерді. Айтуларынша, елді-мекенде мал өрісі онсыз да тар. Ауылдың маңайы егіс алқаптарына айналғандықтан төр түлік жаятын жер қалмады – деп ашуланады. Жұртшылықтың жанайқайын тілшіміз Өзгеріс Қуанар жеткізеді.


Жоламандықтар әбден ашулы. Онсыз да елдімекеннің айналасында мал жаятын жер қалмады дейді. Жағалай егін. Төрт түлік бағып, соны күнкөріс көзі еткен халық үшін бұл өте өзекті мәселе.


Мағзам ҚОЖА, ЖОЛАМАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ауылдың маңайы егіндік жерлер болып кетті. Шағын ауыл болғандықтан, табыс көзі мал ғана болғандықтан, малмен ғана күн көріп отырған жайымыз бар. Енді жерді әрмен қарай ала берсе, малымызды бағатын жерде қалмай қалды.


Жандос ЖАҚЫПОВ, ЖОЛАМАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Өздеріңіз көріп отырсыздар, халық қарсы. Өйткені, жайылымдық жер жоқ. Бүкілі малмен айналысады. Жұмыс орындары жоқ қазіргі уақытта. Мектеп болса 3 жыл бұрын жабылып қалды. Бүкіл балаларымыз Ақтоғайға қатынайды. Оның өзінде қыста мәселелер өте көп. Бірақ, қазір ең басты мәселе жер мәселесі болып тұр.


Соның салдарынан ауылдықтар сауын сиырдан басқасын жаз шықса жайлауға айдайды. Алысқа малды айдап барып келу оңай емес дейді.


Бош ЖАМАН, ЖОЛАМАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Осы ауылдан 3 табын мал шығады. Жылқымыз бар, қойымыз бар түгелін қосқанда. Біз енді соны жазғытұрым күзде келгенде қайда бағамыз? Былай қарай 3-4 шақырым. Былай қарай 2 шақырым. Ортаға кішкене ғана жер қалтырған. Мыңнан асып кеткен гектар. Біз малды қалай жаямыз десек білмейді. Әкіммен сұрасаң ол білмейді. Земельныйдан сұрасаң ол білмейді. Сондай қалай бұл?


Ауылдықтар мұң-мұқтажын аудан атқамінерлеріне жеткізді. Наразылық білдірді. Ал билік өкілдері халықтың сөзі жерде қалмайды деді.


Сәбит ҚАРАТАЕВ, АҚТОҒАЙ АУДАНДЫҚ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Суармалы жерлерді көбейтіп, "Ақтоғай-агроға" қосымша жер сұраған осы Жоламан ауылының қасынан. Халық бермейміз - деп отыр. Халық айтса, халықтың айтқаны болады.


Осылайша дауға түскен 240 гектар жер мәселесі оң шешімін тапты. Малдың өрісі тарылмайды.


Ө. Қуанар