Қазақстандық спортшылардың Токио олимпиадасында бүгін жолы болмады. Спортшыларымыз спорттың 7 түрінен бақ сынады. Байрақты бәсекеде бірінші болып ерлер арасында садақ атудан сынға түскен Санжар Мұсаев қытайлық спортшымен кездесті. Бастапқыдан ұпай санымен алда тұрған мергеніміз соңғы айналымды есе жіберіп, олимпиаданы аяқтады. Есеп: 4-6. Былғары қолғап шеберлерінің де айы оңынан тумады. Әйелдер арасында 75 келіге дейінгі салмақта шаршы алаңға шыққан Надежда Рябецты канадалық қарсыласы тізе бүктірді. 57 келіге дейінгі саңылағымыз Серік Теміржанов өткен жұдырықтасуын сәтті бастағанымен, бүгін жеңіліп қалды. Ал, көпшілік үміт артқан, 2019 жылғы әлем чемпионы, 81 келіге дейінгі салмақта рингке шыққан Бекзат Нұрдәулетов ресейлік қарсыласына есе жіберіп, жүлдеден қағылды. Тас жолдағы велоспорт та сәтсіз аяқталды. Алексей Луценко мәре сызығын 32-нші болып кесті. 90 келіге дейінгі салмақта татамиге шыққан Ислам Бозбаев та іріктеу кезеңінен ары аса алмай жарысты тоқтатты. Осылайша, дзюдошылардан тек Елдос Сметов қана жүлдегерлер қатарынан көрінді. Дмитрий Баландин де жарыс жолын аяқтады. 200 метрге брасс әдісімен жүзуден жартылай финалға жеткен атлет Риода өткен олимпиада ойынындағы нәтижесін қайталай алмады. Медальға үміткерлер қатары тағы да азайды. Теннистен Қазақстанның қыздар арасындағы бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Испаниялық спортшыны тізе бүктіріп, тарихта болмаған нәтижеге қол жеткізді. Ол енді жартылай финалда додаға түседі. Сондай-ақ теннистен қос қазақстандық жұптық кезеңде бақ сынауда. Бұдан бөлек, спорттық гимнастиканың 5 түрі бойынша финалға жолдама алған Милад Карими де қазір жарыс жолына шықты. Яғни сайыс нәтижесін сәлден кейін білетін боламыз. Отандасымызға сәттілік серік болсын.
А. Данияр