$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Тараздықтар коммуналдық түбіртекте пайда болған төлемді төлеуден бас тартып отыр

AstanaTV
26.08.2021ж. 20:00
2387
Тараздықтар коммуналдық түбіртекте пайда болған төлемді төлеуден бас тартып отыр

Тараздықтар коммуналдық түбіртекте жаңадан пайда болған қаражатты төлеуден бас тартып отыр. Әліптің артын бақсақ, 2 жыл бұрын 90 пәтерлі үйдің жертөлесін қайта жаңғырту бағдарламасы қолға алынған. Жұмыстары біткен кезде, пәтердің бірінде газ жарылып,  30 отбасы далада қалған еді.  Үйді қалпына келтіруге шұғыл комиссия кіріскен болатын. Жертөлені жөндеуге жұмсалған 14 млн теңгені, жергілікті әкімдік енді тұрғындардан өндіріп алмақшы.   

 БЛИЦ:

- Соған 1600 теңгеден 10 жылға төлейсіңдер деп жатыр. Біз қарсымыз ондайға. Өйткені басында айтылған кезде республика өзі бәрін жасайды , барлығын өзі көтереді, өздері төйлейді деген.
-  Сол төлемді алып тастаса деймін. Біз төйлей алмаймыз. Өйткені мен көпбалалы анамын. Оның үстіне мүмкіндігі шектеулі қызым бар.


"Алдандық" деген халық қазір шенеуніктердің сөзіне сенуден қалдық дейді. Өйткені аймақтың бұрыңғы басшылары, апат болған кезде тұрғындарға, ештеме төлемейтіндерін тайға таңба басқандай айтқан.

Бекболат ОРЫНБЕКОВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Тараз қаласы әкімінің шешімімен 9-шы шағын аудан, 62 үй мекенжайындағы жарылысқа байланысты орындалған жұмыстар бойынша «Тұрғын үй жөндеу» компаниясымен бұрынғы шарттық келісім-шарт жойылады. Сіздерден төлемдер ешқандай жүргізілмейтін болады.

 
«Тұрғын үй жөндеу» компаниясы деп отырғаны, жертөлеге жөндеу жұмыстарын жасаған мердігер болатын. Қазіргі атқамінерлер бұл жерде кінәлі мердігер компания дейді.

Ғазиз ЕРАЛИЕВ, ТАРАЗ қ. ТҰРҒЫН ҮЙ ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
 
Жертөлені модернизациялау жасаған мердігермен келісім шарт жасалған. Жарылыс болған кезде жертөленің жұмысы аяқталып қойған болатын. Мердігер қаражатын талап етіп сотқа талап арыз берді. Сот оны қолдады.

Әкімдік 2 жылдан соң талап етіп отырғандарын, соттасып жүргенде арада уақыт өтіп кетті деп түсіндірді. Дегенмен, бұл мәселені  әслихат сессиясында қайта қарауға уәде етті.

Б. Жұмабайұлы