Ауа райы -
×
Негізгі / Жаңалықтар / Үйі өртенген үш отбасы баспанасыз қалды

Үйі өртенген үш отбасы баспанасыз қалды

Ақтөбенің Заречный елді мекенінде үйі өртенген үш отбасы далада қалды. Олар бұған энергетиктерді кәнілап отыр. Алдан-ала болжам бойынша, өрт жоғары кернеулі тоқтың үзілуінен болған. Зардап шеккен тұрғындар әкімдіктен де, полициядан да қайыр жоқ дейді.  

 Гүлвира СЕЙТЕНОВА, ТІЛШІ:
 
Бір-біріне жапсарлас салынған үш үй үшінші қыркүйекте өртенген. Содан бері 10 күн өтсе де, тұрғындарға қандай көмек керек деп ешкім хабарласпаған.


Барақ үйлер отқа оранған сәтте үш пәтердің бірінде Татьяна Слядневаның келіні мен оның екі баласы болған. Екінші пәтерде тұрып жатқан мүгедек әкесі көшеге шығып кетіпті. "Науқас жанның  үйде қалғанда тірі қалуы екіталай еді", дейді Татьяна. Айтуынша, бұл жағдайға электриктер  кінәлі. Қалалық төтенше жағдайлар басқармасының  актісінде де  өрттің шығу себебі нақты  көрсетілген.

Татьяна СЛЯДНЕВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 
Жоғары кернеулі желінің үзілуінен деп актте жазылып тұр! Бұған ешкім мән беріп жатқан жоқ! Өрттің шығу себебі - сол. Менің жеке электр сымым үзілген жоқ қой? Біздің үйдің үстінен өтіп жатқан электр желісін қайта-қайта жамады. Бірақ, жаңасына ауыстырған жоқ.

Күлге айналған үйдің тұрғындары қазір жалдамалы пәтер жағалап жүр. Кейбірі туыстарын уақытша паналаған. Өрттен кейін есін енді  жиған олар әкімдік пен полиция бөлімінің табалдырығын тоздыруда.  

Татьяна СЛЯДНЕВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Барар жер, басар тауымыз жоқ! Алдымызда қылышын сүйретіп қыс келе жатыр. Біздің жағдайымызды түсінсе болады ғой? Балалар қайтеді?  Қайда тұрады, қалай тұрады, ешкімнің шаруасы жоқ!

Қиын жағдайға тап болған отбасыларға әкімдік тарапынан  тек бір реттік жәрдемақы қарастырылған. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының айтуынша, бұдан басқа көмек көрсетілмейді. Зардап шеккендердің бірі ғана құжат тапсырған. Қалған екеуінің арызын күтіп отыр.

Мақпал ТҰРМАҒАМБЕТОВА,  ҚАЛАЛЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Бұл жерде арнайы құжат тапсырудың қажеті жоқ. Ең бастысы қолдарында өрт болғаны туралы актілері, жеке куәлігі және өзінің арызы болуы керек. Қабылдаймыз. Бір жетінің ішінде шешім қабылданып, бір реттік төлем жіберіледі.

Ал полиция Заречныйдағы өрт оқиғасына қатысты қылмыстық  іс қозғаған. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.   

Ерболат САРҚҰЛОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:


Өрт-техникалық сараптама тағайындалды. Осы сараптаманың қорытындысы келген соң, заңды шешім қабылданатын болады.

Бұл бап бойынша кінәлілер 20 тәулікке қамалады немесе 200 мың теңге айыппұл төлейді. Бірақ, зардап шеккендер бұнымен тоқтамақ емес. Егер полицияның сараптамасы энергетиктердің кінәсін растаса, олар үйдің құнына пара-пар өтемақы талап етіп, компанияны сотқа бермек. Ал, «Энергосистема» мекемесінің өкілдері  әзірге жауап беруден бас тартып тұр. Жазбаша сауал жолдағаннан кейін ғана бұл жағдайға қатысты түсінік беретінін мәлімдеді.

Г. Сейтенова