$523.58 €549.71 ₽5.01
×

Прокурорлар Әблязов пен оның серіктеріне тағылған айыптауларды жариялады

AstanaTV
03.04.2017ж. 20:00
2943
Прокурорлар Әблязов пен оның серіктеріне тағылған айыптауларды жариялады

Әблязов пен оның серіктеріне қатысты жаңа деректер пайда болды. Банктің топ менджменті қаржы институтының капиталын жасанды түрде өсіру арқылы несие алушылар мен салымшыларды тартқан. Ал сырт елдерден ірі көлемде қарыз алған. Ақырында ұйымдасқан қылмыстық топ 7,5 млрд АҚШ долларын алып, елден қашып кеткен. Бұл туралы бүгін  басты сот талқылауында прокурорлар мәлімдеді. Ұйымдасқан қылмыстық топ құрамына 100-ге жуық адам кірген. Сот залынан Ришат Асқарбекұлы баяндайды.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Екі мың томға арқау болған қылмыстық істі қарау үшін Алматыдағы ең үлкен сот залы таңдап алынған. Себебі сот барысында 200 куәгерден жауап алынады. Ал айыптау қортындысын үш прокурор кезек-кезек оқуға мәжбүр болды.

БТА банктің бұрынғы басшысы мен қаржы институтының бұрынғы топ-менеджерлерінің қаржылық құйтырқылықтарды қалай ұйымдастырылғаны айтылды. Банктің топ менджменті салымшылар мен мемлекеттік қаржы бақылау ұйымдарын жалған көрсеткіштермен алдап, банкке барынша көп қаржы тартуға тырысқан.

Еркін Баймағамбетов, прокурор:

Банкирлердің басты мақсаты - қаржы инситутының капиталын жасанды жолмен өсіру арқылы қаржының құйылуына жол ашқан. Кредиторлдар, салымшылар, тіпті мемлекеттік қаржы реттеушілердің өзі БТА Банктің жемісті жұмыс жасап жатқанына сенімді болған. Әблязов бұл қылмысқа 100-ден астам мамандарды тартқан. Олар Ресей, Украина, Бельгия, Кипр және АҚШ елдерінің азаматтары болған.

Прокуратураның дерегінше, Әблязов директорлар кеңесінің төрағасы қызметіне тағайындалғанға дейін, яғни 2005 жылы банк капиталы 38 миллиард теңге болыпты. Қылмыстық топ 2007 жылы бұл капиталды 304 миллиардқа дейін өсірген. Қыруар қаражат ақыр аяғында алаяқтық мақсаттарға пайдаланылған. Осы істің бел ортасында бұрынғы Алматы қаласының әкімі, Әблязовтың құдасы Виктор Храпунов та жүрген. Айыптау қорытындысы бойынша ол да осы істегі басты фигуранттардың бірі. 

Тимур Шамои, прокурор:

Қаржыны заңдастыру және ұрлау жүйелері Әблязовпен ақылдасу арқыл шешілген. Оның қылмыстық мақсаттағы істері мен қаржылық операцияларына Виктор Храпунов делдалдық жасаған. Храпунов жасанды инвестициялық жобаларды ұсынып, банктің қаражатын оффшорлық есеп-шоттар арқылы элиталық жылжымайтын мүліктер сатып алуға жұмсаған. Елге Еуропа мен АҚШ-тан қымбат жоба әкелеміз деп, елді адастырған.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Түстен кейін сот талқылауы айыпталуышларды сұрауға ауысты. Сотталушылар арасындағы  БТА Банктің басқарма төрағасының бірінші орынбасары Жақсылық Жарымбетов кінәсін толықтай мойындады. Ал сот залында отырған тағы да екі топ-менеджер Сәдуақас Мәмеш пен Қайрат Садықов өз кінәларын ішінара мойындады. Сыбайлас жемқорлыққа байланысты ұлттық бюроның дерегінше, Әблязовтің мемлекетке келтірген шығыны 7,5 млрд доллардан асады. Басты күдікті, әрине, сот процесіне қатысқан жоқ. Бірақ сырттай сотталатын болады. Мұндай шешімді өткен аптада Алматы қалалық ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соты қабылдаған болатын. Күдіктілерге ұйымдасқан қылмыстық топ құрды, ірі көлемде қаржы жымқырды, өзгенің сеніп тапсырған мүлкін талан-таражға салды деп айыпталып отыр.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ