Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Атыраудың бас имамы мешіттің төрт көлігін сатып жіберген

AstanaTV
23.09.2021ж. 20:00
4258
Атыраудың бас имамы мешіттің төрт көлігін сатып жіберген

Атыраудың бас имамы мешіттің мүлкін талан-таражға салды. Әлеуметтік желіде осындай ақпарат желдей есіп, көпшілікті күмәнді ойға жетелеп қойды. Жазбада аймақтың діндары мешітке тиесілі қызметтік пәтерді менсінбей, орталықтан үй жалдап тұратыны айтылған. Ал бір емес 4 көлікті сатқан қаржының құмда ізі сайда саны қалмай ма деп сауал тастаған. Аймақтың бас имамы қайда? Ол не дейді? Тілшіміз анықтап көрді.

40 жастағы Алтынбек Ұтысханның аймақ бас имамы қызметіне тағайындалғанына екі жыл болған. Соңғы кезде оған қатысты әлеуметті әртүрлі ойға жетелеген жазбалар желіде қауырт болып тұр.  

Қазірдің өзінде «Иманғали мешітінің төрт автомашинасы: «Ford Mondeo», «Прадо» джип көлігі, жолаушылар таситын «Газель» және қорабы тентпен жабылған «Газель» сатылып кетті. Бас имамның өзі әкімдік берген джип көлігін мініп жүр. Алтынбек Ұтысханның қандай және қанша сомаға үй сатып алатыны белгісіз. Оған мешіт мүлкінің сатылымынан түскен ақшасы жетпеуі мүмкін.

Жағдайды білмек болғанымызбен, бас имам қалада жоқ екен. Денсаулығына байланысты астанаға кетіпті. Ал қызметтік көлігі орнында. Наиб имамның айтуынша, мешітке тиесілі 4 көліктің  сатылып кеткені рас болып шықты.

Арман ИСАЕВ, АТЫРАУ қ. «ИМАНҒАЛИ» МЕШІТІНІҢ НАИБ ИМАМЫ:
 
Сатты деген көліктер олар әбден тозығы жеткен көліктер. Былтырғы жылы сатылды. 2020 жылы. Барлығы құны 11 млн-дай болды. Былтыр 6 имамымызға қызметтік пәтер дайындағанбыз, солардың шаруашылығына және мешіттерге бейнекамералар орнатылған соларға және ішкі коммуналдық шығындарға сол қаржылар жұмсалды.


Қаладағы қымбат мөлтекаудандарының бірінен Бас имамға арналып, қызметтік 4 бөлмелі пәтер сатып алынған. 4 көліктің бірінен түскен 9 млн теңгеге өңір кәсіпкерінің бірі ақша қосқан. Оны телефонмен берген сұхбатында Алтынбек Ұтысханның өзі айтты. Айтуынша, бұған дейін орталық мешітке тиесілі қызметтік пәтер болмаған.

Алтынбек ҰТЫСХАН, АТЫРАУ қ. «ИМАНҒАЛИ» МЕШІТІНІҢ БАС ИМАМЫ:

Басқа адам келген кезде бас ауырып жүрмеу керек. Ол өзінің мешіттің қызметтік үйі болу керек. Ол жерде ремонт жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оны Алла қаласа құжаттарын көрсете аламын. Бұл жала деп есептеймін. Ол жерде айтылған мәселеге нақты дәлелдермен келтіріп біз айта аламыз. Оның барлығы заңды тұрғыда бар.

Астына мініп жүрген жол толғамайтын көлігін, облыстың бұрынғы әкімі мешітке сыйға тартқанын жеткізді. Бас мүфти бастаған делегацияның Атырау сапарына да, мешіттен бір тиын шығын шықпады,- дейді бас имам. Жұмсалған 2 млн 400 мың теңгені де аймақ кәсіпкерлері көтеріп алыпты. Әлеуметтің жазбадағы ақпараттарына қатысты мешіт заңгерлері қазір жұмысты бастап кеткен. Олар жалған ақпарат таратқан авторды іздестіріп жатыр. Табылған жағдайда құзырлы органдарға ұсыну, не ұсынбау жағын әлі шешпепті.


Б. Нәдірқызы