Ақтөбеде мектеп оқушылары шыбын-шіркейді улайтын дәріден уланып қала жаздады. Оқиға № 9 мектеп-гимназиясында болған. Жертөледе дезинфекция жұмыстарын жүргізу кезінде улы түтін жоғары қабаттарға көтерілген. Білім ошағындағы дүрбелең туралы тілшіміз Гүлвира Сейтенова баяндайды.
Мектепте таралған түтіннен оқушылар қатты шошынған. Улы түтін, қолқаны қауып, жөтел қысқан соң балалар дүргіліп, сыртқа жүгірген. Кезекші мұғалім Олег Светтің айтуынша, жертөледе дезинфекция жұмыстары жүргізілген, мамандар шыбын-шіркей, бүрге мен масаға қарсы у шашты, дейді.
Олег СВЕТ, КЕЗЕКШІ МҰҒАЛІМ:
Класстарды улаған жоқ, тек подвалды, содан аздап ауаға шыққан шығар. Сол кезде балалардың көбі кетті, 5-7 класс оқушылары оқиды, негізі кетіп болды, болса 2-3 класс болған шығар, нақтысын білмеймін.
Улау шаралары неліктен екінші ауысым сабақтары бітпей тұрып басталғаны белгісіз. Қалалық білім бөлімінің басшысы дезинфекция жүргізген жұмысшылардың сөзіне сүйеніп, шыбын-шіркей уы бала денсаулығына қауіпті емес деді. Дегенмен, гимназия директоры жауапқа тартылғанын айтты.
Меткүл ҚОСЫМБАЕВА, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Мектеп басшылығына сол оқу процесі кезінде осындай дезинфекция жұмыстарын жүргізгені үшін қатаң сөгіс жарияланды. Бірақ, осы күнге ата-аналар, балалар тарапынан медициналық көмекке мұқтаж болғаны туралы бізге ақпарат келген жоқ.
Ал, санитар дәрігерлер мектепте дезинсекциялық жұмыстар жүргізуге ұйғарым берілмегенін айтады. Мектеп басшылығы қай фирмамен келісім-шартқа отыратынын өзі шешеді. Тек улау кезінде ғимарат ішінде ешкім болмауы тиіс, дейді.
Гүлбану ДӘУЛЕТОВА, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Өңделіп жатқан кезде іште адамдар, оқушылар, мұғалімдер болмауы керек. Ол мектеп келісім-шартқа отырғаннан кейін, күнді белгілегеннен кейін оқушылар, мұғалімдер бәрі хабарлануы керек.
Балалары үшін алаңдаған ата-аналар енді мектеп директорын жұмыстан қууды талап етіп отыр.
Г. Сейтенова