$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Ақтөбелік оқушы грек жаңғағының қабығынан ыдыс жасады

AstanaTV
16.11.2021ж. 20:00
2165
Ақтөбелік оқушы грек жаңғағының қабығынан ыдыс жасады

Жаңғақтың қабығын да кәдеге жаратуға болады. Ақтөбелік оқушы -Жадыра Амангелдиева  қабықтан  ыдыс жасап шығарды.  Ғылыми туындыны ұлттық зияткерлік меншік институты тіркеді, автор патент алды.  Енді экологиялық тиімді жобаны өндіріске енгізу үшін инвестор керек. Мектеп оқушысы әзірлеген тың жобаның  ерекшелігі қандай?  Жас өнертапқышпен тілшіміз Гүлвира Сейтенова кездесті.  

Назарбаев зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушысы Жадыра Амангелдиева жүздеген жыл  шірімейтін, қазір тұрмыста көп қолданылатын пластик ыдысты ауыстыратын материал іздеген. Ғаламторды ақтара отырып,  Ресейде жүгері крахмалынан, ал Мексикада авакадо сүйегінен жасалған тұрмыстық бұйымдарды көрді.   Содан биология пәнінің мұғалімімен бірге грек жаңғағының қабығын зерттей бастаған. Жаңғақтың қабығын еттартқышпен ұнтақтап, оны желіммен араластырып, мынадай ыдыс жасады.

Жадыра АМАНГЕЛДИЕВА, НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ:


Мәселен, осы бір ыдысты жасауға 5-6 грек жаңғағы кетті. Және шамамен бір күн жеткілікті. Дегенмен, желімі кебу үшін 3-4 күн қажет.

Дайын ыдысты оқушы ұлттық зияткерлік меншік институтына жолдаған.  Ғылыми туынды  грек жаңғағының қабығынан жасалған биологиялық ыдырайтын ыдыс-аяқ деп бағаланып, авторлық құқық  алған.  Жаңғақ қабығының  пластикке қарағанда тез ыдырайтыны  бір жылдық сынақ нәтижесінде дәлелденген.

Гүлжана  БАЗАЕВА, ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ:

Жаңғақ қабығынан жасалған ыдыстың қаншалықты ыдырайтынын білу үшін біз оның бір бөлігін алып, жерге көмгенбіз. Және пластик ыдыстың бір бөлігін жерге көміп, бір жылға қалдырдық.  Бір жылдан кейін көрген нәтижеміз - жаңғақтан жасалған 68 пайызға ыдыраған екен. Ол пластик ыдысқа қарағанда 2 мың есеге артық.

ECO Network компаниясының Ақтөбедегі өкілі   Айман Сексенова мұндай тың  жоба жасаған жастарды қолдау керек  екенін айтады. Шикізат  экономикасы заманында,  тұтынуды ғана білетін   қоғамда жастардың экологиялық проблемаларға, оның ішінде пластик заттарды қолданыстан шығару мәселесіне бет бұрғаны қуантарлық жайт, дейді экокеңесші.

Айман СЕКСЕНОВА, ЭКОКЕҢЕСШІ:

Грек жаңғағының қабығы болсын,  крахмал болсын, табиғи материалға жақын нәрсенің бәрі пластикке балама, әрі экологиялық пайдалы. Баршамызға белгілі, Еуроодақ осы жылдың бірінші шілдесінен бастап бір рет қолданылатын пластиктен толықтай бас тартты. Демек, оған балама материалдарға сұраныс артады.  

Жадыраның ыдысы әзірге  шәй мен кофеге төзімсіз, бірақ   оған қант, тұз секілді ұнтақ заттарды салуға  болады. Оқушы ғылыми туындысын әрі қарай ыстық сусын құюға болатындай етіп жетілдірмек.  Сондай-ақ, жобаны тәжірибеге енгізу үшін инвестор іздейді.

 Г. Сейтенова