Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Халық қазынасы қазақ футболын дамытуға емес, шетел футболшыларын байытуға жұмсалады-депутат

AstanaTV
17.11.2021ж. 20:00
1076
Халық қазынасы қазақ футболын дамытуға емес, шетел футболшыларын байытуға жұмсалады-депутат

Халық қазынасы қазақ футболын дамытуға емес, шетел футболшыларын байытуға жұмсалуда. Сондықтан футбол клубтарын мемлекет тарапынан қаржыландыруды тоқтату керек. Елдегі аяқ доп шеберлеріне өкпесі қара қазандай мәжіліс депутаты Қазыбек Иса үкіметке осындай ұсыныс айтты. Бұған Қазақстанның Франция ойыншыларынан 8:0 есебімен ұтылғаны түрткі болған сияқты. Спорт сарапшылары да  елге масыл болған спорттың бұл  түріне қатысты заң жобасы керек, дейді. Тақырыпты әріптесім Асылбек Данияр жалғастырады.

Мемлекеттің миллиардтаған қаржысы желге ұшты. Осылай деген бұрынғы журналист, қазіргі депутат Қазыбек Исаның қазақ футболына көңілі толмайды. Бөлінген ақшаның  нәтижесі жоқ, дейді. Премьер-министрдің орынбасарына жолдаған сауалында   спорттың осы  түріне бөлінген қаржының есебін  талап етті. Айтуынша, федерация бюджеттен көп қаражат алмаймыз деп облыс әкімдіктерден миллиардтап алған.

Қазыбек ИСА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ "AQ JOL" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Соңғы үш жылдағы облыстық әкімдіктердің кәсіби клубтарға бөлген қаржысының өзі аз емес, 111,2 миллиард. Ал, Федерацияға республикалық  бюджеттен, УЕФА-да, "Самұрық Қазынадан", демеушілер бөлген қаржыларды қосар болсақ, оны есебі жоқ. Өйткені, ресми мәлімет жоқ. Ал, трансфермаркет.ком сайты бойынша 133 миллиард теңге деп көрсетілген.

Футбол клубтарының төмен нәтиже көрсетуінің  себебі - мықты футболшылардың болмауы. Депутат "бұл жай  сылтау", дейді. Командалардың қолда бар мамандарды шетке ысырып, шетел ойыншыларын сатып алатынын айтты.  Сөзінше, елдегі аяқ доп шеберлерінің тең жартысы -легионер. Олардың жалақысы айтпаса да түсінікті. Бірақ, қазақ футболына сонша қаржы құйылса  да, бірде бір клуб әлемдік рейтингте  тіпті жүздіктің қатарында жоқ.

Қазыбек ИСА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ "AQ JOL" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Нәтижесіз футболға бөлінген 133 миллиардқа кемінде 133 мектеп салуға болатын еді. Сондықтан, гол салмайтын тек халық қазынасына қол салатын. Қол салса да, мол салатын  футболшыларға миллиардтарды босқа шашуды тоқтататын уақыт жетті.

Тоқсан ауыз сөздің түйіні-мемлекет  футболды қаржыландыруды тоқтатып, клубтарды жекешелендіру керек, дейді. Спорт сарапшысы Бек Төлеуовтің де пікірі осындай.   

Бек ТӨЛЕУОВ, СПОРТ САРАПШЫСЫ:

Біреу ақша беріп тұрса олар бас тарта ма? Тартпайды, яғни мемлекеттік тұрғыда біз кәсіпқой клубтарды қаржыландырмаймыз деген заң жүзінде шешім қабылдану керек, сол кезде ғана... Әйтпесе, кім ақша беріп тұрса мемлекеттен беріп тұрса қалай алмайды. Алада, әрине.

Футболшылардың жеңілісінен әбден шаршаған "Атырау" футбол клубының жанкүйерлері де жақында шу шығарған еді. Басшылық жан-жақтан легионер жинап, бюджет қаржысын оңды-солды шашып жатыр дейді.

Сәрсенбай ҚАЛИЕВ, «АТЫРАУ» ФК ЖАНКҮЙЕРІ:

Жаттықтырушы өзгере береді. Бірақ еш нәтиже жоқ. Кілең поляк, беларус, бразилец, африкалардың біреулері жүр.  Біздің балалар жоқ. Жанымыз ашып командаға ағалардың артынан еріп келіп отырмын мен.

Көзге көрініп тұрған осындай кемшіліктерге байланысты депутат клубқа бөлінетін ақшаны онан да спорт мектептерін дамытуға,   бапкерлердің жалақысын көтеруге жұмсалғанын қалайды. Әйтпесе, қаржыға обал,-дейді.

А. Данияр