Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Елбасы "Astana club" отырысында мәлімдеме жасады

AstanaTV
17.11.2021ж. 20:00
981
Елбасы "Astana club" отырысында мәлімдеме жасады

Елбасы әлем қауымдастығын ашық, шынайы диалогқа шақырды. Бұл ойын Нұрсұлтан Назарбаев «Астана клубтың» алтыншы отырысына айтты. Алқалы жиынға беделді саясаткерлер, дипломаттар мен әлемдік деңгейдегі сарапшылар қатысты. Елбасы 30 жыл ішінде Қазақстан дамуының негізгі жетістіктеріне тоқталды. Сондай-ақ, жаңа дағдарыстардың алдын алу жолдарын айтты. Еуразия елдері арасында жүйелі диалог орнатудың маңыздылығын атап өтті.  

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ, "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Атап айтқанда, Еуразиялық экономикалық одақ, Еуропалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және жақында ғана құрылған Түркі мемлекеттері ұйымы арасында тікелей байланыстарды дамытатын кез келді. Осыған байланысты мен «Үлкен Еуразия» төртжақты экономикалық форумын құруды ұсынамын.  Онда біздің елдер Еуразиядағы ынтымақтастықтың барлық мүмкіндіктерін талқылап, ілгерілете алады.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық көшбасшылық альянсы стратегиялық шабуыл қаруларын жан-жақты қысқарту жоспарын талқылау үшін басты әрі қозғаушы күш бола алатынына сенім білдірді. Сондай-ақ, ядролық қаруды таратпау және қарусыздану жөніндегі жаһандық форумды өткізу туралы ұсыныс айтты.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ, "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Біз күш-жігерімізді біріктіру арқылы ғана, мен айтқан қиындықтар мен қауіптерге қарсы тұра аламыз. Сондықтан әлем қауымдастықтарымен ашық, шынайы диалог маңызды. «Астана клубы» бүкіл Еуразия үшін жаңа идеялар мен шешімдердің генераторына айналады деп ойлаймын.


Ә. Дүкембаева