Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Тәуелсіздік жылдары Атырау облысында 170-ке тарта білім беру нысаны бой көтерді

AstanaTV
18.11.2021ж. 20:00
1487
Тәуелсіздік жылдары Атырау облысында 170-ке тарта білім беру нысаны бой көтерді

Атырауда еліміз бойынша тұңғыш рет қолға алынған «Білім беруді дамытудың жол картасы» алғашқы нәтижесін бере бастады. Білім сапасын жақсартуды мақсат еткен бірегей бағдарлама аясында 50 мектеп кешенді түрде зерттелді. Нәтижесі бойынша кемшіліктермен жұмыс басталып кетті. Жалпы аймақта тәуелсіздік жылдарында 200-ге тарта жаңа білім беру ғимараты бой көтерді. Ал 2025 жылға дейін тағы 48 мектеп салынады деп жоспарлануда.

Оқыту мен оқу сапасы, мектептегі ахуал және материалдық-техникалық база. Білім беруді дамытудың жол картасы аясында 50 мектептің жағдайы осы үш критерий бойынша жан-жақты талданып, зерттелді. Оны Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 125 маманынан тұратын  жұмыс тобы жүргізді. Елде алғаш қолға алынған бірегей жобадан мамандардың күтері көп.

Данагүл БАЙМАШЕВА, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ БІЛІМ БЕРУ БАСҚАРМАСЫ ӘДІСТЕМЕЛІК ОРТАЛЫҚТЫҢ ДИРЕКТОРЫ:


Зерттеудің қорытындысы бойынша, айтқандай әр мектептің осал және мықты жақтарын анықтадық. Яғни ол мектепке қандай көмек керек? Олардың білім сапасын көтеру үшін мектептегі педагогтардың кәсіби біліктілігі жағынан қолдау керек пе? Әр мектептің өзі бір кітап. Осының ішінде барлығы тоықтай көрсетілген.

Жол картасы аясында кешенді зерттеу аймақтағы өзге мектептерде де  жалғасады,- дейді мамандар. Жалпы облыстың білім беру саласында соңғы 30 жылда  ауыз толтырып айтар жетістіктер жеткілікті. Мәселен осы жылдары 170 мектеп пен балабақша бой көтерген. Аймақтағы барлық білім беру ұйымдары кең жолақты интернетпен 100 пайыз қамтылды. Талапқа сай пәндік кабинеттер де көбейіп келеді. Дарынды балаларға арналған қолдау орталығы ашылды. Ұтымды жүргізілген мемлекеттік бағдарламалар өз нәтижесін беруде.

Айнагүл ДҮЙСЕКЕНОВА, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БЕРУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Былтырғы оқу жылында республикалық олимпиадада біздің облысымыз жүлделі командалық есепте екінші орынды алса, біздің екі шәкіртіміз  - «Білім инновация лицейінің республиканың тарихында алғаш рет физика-математика пәнінен 62-інші халықаралық олимпиадада бірінші және екінші орындарды қоржындарына байлап, акеліп, біздің өңіріміздің білім саласындағы үлкен бір тарихи оқиға ретінде осы жағдайларды айтуға болады.

Атырау облысында қазір  4 апатты, 11 үш ауысымды мектеп бар. Оларды жаңа ғимаратқа көшіру – басты мәселе. Биылғы оқу жылының өзінде 4 мектеп пайдалануға берілсе, алтауының құрылысы жалғасуда. Жалпы 2025 жылға дейін 48 жаңа мектеп салынады деп жоспаранып отыр.

Б. Нәдірқызы