Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

«Қазақстанның партиялық-саяси жүйесінің эволюциясы: сын-қатерлер, жетістіктер мен келешегі» атты форум өтті

AstanaTV
30.11.2021ж. 20:00
2246
«Қазақстанның партиялық-саяси жүйесінің эволюциясы: сын-қатерлер, жетістіктер мен келешегі» атты форум өтті

Елордада «Қазақстанның партиялық-саяси жүйесінің эволюциясы: сын-қатерлер, жетістіктер мен келешегі» атты форум өтті. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орайластырылған шараға 600-ден астам отандық және шетелдік сарапшылар, саяси партиялар мен халықаралық ұйымдардың және Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропа, Түркия, Әзірбайжан елдерінен өкілдер қатысты. Форумда партияның өткені мен келешегі сөз болды. Толығырақ алдағы сюжетте.

Форумға қатысушыларды «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек  құттықтады. Сондай-ақ, ол еліміздегі көшбасшы партияның тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктері мен саяси реформалардың оң нәтижелеріне тоқталды. Семей полигонын жабу, жаңа астананың бой көтеруі және ежелгі Түркістанның  қайта түлеуі, Ұлттық қор құру, экономиканы нарықтық трансформациялау бойынша жүргізілген ауқымды , толымды тірліктер туралы айтты. Бұл- қауқарлы мемлекеттік қоғамдық-саяси институттар жұмысының жемісі. Сондай-ақ, мұның барлығы «Nur Otan» партиясы секілді үстем саяси күші бар көппартиялық жүйенің  арқасында жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

Бауыржан БАЙБЕК, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Осыдан 10 жылдай бұрын Елбасы көппартиялық жүйенің әрі қарайғы ұзақ мерзімді дамуына негіз қалаған «Қазақстан-2050» Стратегиясын, ал 2015 жылы – Бес институционалдық реформаны ұсынды. Бұл партиялардың ел өміріндегі рөлі мен маңызын миссияналды тұрғыда нығайтты. +Осылайша аталған жылдар аралығында қалыптасқан «Nur Otan» партиясы үстемдік ететін көп партиялы жүйе тәуелсіздіктің маңызды жетістігі Тұңғыш Президент Елбасының саяси мұрасының құрамдас бөлігі деп нық айтуға болады.

 
«Nur Otan» партиясы әрбір сайлауда айқын басымдықпен жеңіске жетіп, еліміздегі көшбасшы партиялардың біріне айналды. Бауыржан Байбек, бұл партияның сайлауалды уәделеріне жауапкершілігін  арттырып, олардың барлық деңгейде институционалдық нығаюына жағдай жасағанын атап өтті. Форум спикері, Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев «Nur Otan» партиясының Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың билеуші партияның төрағасы өкілеттігін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа беру туралы шешімі партиялық жүйе эволюциясының маңызды кезеңдерінің бірі болды дейді.

Дәурен АБАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ӘКІМШІЛІГІ БАСШЫСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Осынау парасатты шешім Қазақстан халқы тарапынан қолдау тапты. Бүгінде біз Мемлекет басшысының жетекшілігімен оның «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты саяси ұраны аясында алға қарай қарқынды қадам басудамыз.


Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында қалыптасып, нығаюында сыртқы саясаттың  рөлі зор. Халықаралық форумға қатысқан шетелдік спикерлер  дипломатиялық қарым-қатынастарға тоқталды.  

Антонио Алонсо МАРКОС, САН-ПАБЛО УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ:

Мен Қазақстанда бірнеше рет болғанмын. Қазақстан биыл тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесін атап өтуде. Мен елдің нағыз жетістігі деп тұрақтылық пен экономикалық өсіп-өркендеуді айтар едім. Сондай-ақ Қазақстан Орта Азия елдері ішінде инвесторлар үшін қауіпсіз елдердің бірі. Сондықтан Қазақстанның 30 жыл ішінде қалыптастырған ең ірі жетістіктерінің бірі әрине тұрақтылық және қауіпсіздік дер едім. Бұл, әрине, Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси реформаларының жемісі.


Шетелдік сарапшылар  елдегі көшбасшы партияның рөлі мен маңызы туралы да айтты. "Ени Әзербайжан" партиясы төрағасының орынбасары екі елдің билеуші партиялары арасындағы ынтымақтастықты әрі қарай нығайтуға үлкен сенім білдіретінін жеткізді.

Таир БУДАГОВ, "ЕНИ ӘЗЕРБАЙЖАН" ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазақстан қазір Орта Азия елдері ішінде жетекші мемлекеттердің бірі. Ішкі және сыртқы саясаты тұрақты  және мемлекет аралық қарым -қатынастары жақсы дамыған көшбасшы мемлекет. Бүгін біз жақсы тәжірибе алмастық. "Nur Otan" партиясының өткені мен бүгіні талқыланды. Көшбасшы партия- революциядан гөрі эволюцияға қатты көңіл бөліп келе жатқан саяси жетекші ұйым.


Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктер мен жемісті реформаларда Елбасының рөлі ерекше. Мұны сарапшылар да растап отыр.

Ричард МЁРФИ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САЯСИ КОНСУЛЬТАНТ ҚАУЫМДАСТЫҒЫ ДИРЕКТОРЛАР КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:

1991 жылы Кеңес одағынан кейін Тәуелсіз Қазақстанды қабылдауға ерекше көңіл бөлінді. Мен елестете алмаймын... шын мәнінде елді біріктіру.... адамдардың әртүрлі топтары... әртүрлі тілдер... дәстүрлер. Мен көптеген елде болдым, кеңесші ретінде де, сарапшы ретінде де. Әрбір саяси жүйе-бұл жеке механизм.  Менің ойымша, Қазақстанның жетістігі керемет, сіздер мұнымен мақтануларыңыз керек.


Қазіргі проблемалардың жаһандық сипаты мемлекеттердің өзара тығыз қарым-қатынас жасап, бірігіп әрекет етуін талап етуде. Бұл орайда билеуші партиялар арасындағы ынтымақтастық ерекше маңызға ие. Форумға қатысушылар  мемлекеттер мен халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға  мүдделі.

Б. Сатуов