Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

16-шы желтоқсаннан бастап зейнетақыдағы қаражатты "Отбасы банкке" аударуға болады

AstanaTV
10.12.2021ж. 20:00
2118
16-шы желтоқсаннан бастап зейнетақыдағы қаражатты "Отбасы банкке" аударуға болады

16-шы желтоқсаннан бастап, қазақстандықтар зейнетақыдағы қолжетімді қаражатты депозитке аудара алады. Естеріңізге сала кетейін, осыған дейін бұл механизм келесі жылы ғана іске қосылатыны хабарланған болатын. Кешегі Президенттің шешімінен соң, «Отбасы Банкі» басшылығы жаңа мәлімдеме жасады. Банк жетекшісі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тиісті ережелерді бекітетін бұйрықты қабылдауын күтіп отырмыз дейді. Барлығына онлайн қызмет алуға кеңес береді. Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды.

Ләззат ИБРАГИМОВА, «ОТБАСЫ БАНКІ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Біз депозиттерді толықтыру тетігін 2021 жылдың 16 желтоқсанында басуға дайын отырмыз. Тәуелсіздік мерекесіне орай төрткүндік демалыста тұтынушылар үшін арнайы есепшоттар мен депозиттер ашуға барынша көмектесеміз. Мерекелік дастархан басында отырып, үйдегі компьютерден бір реттік зейнетақы жинақтарын "Отбасы банкіне" аударуы үшін техникалық қолдау көрсетіп, байланыста болуға жағдай жасайтын боламыз.

2-ші желтоқсаннан бастап зейнетақы қорынан арнайы есепшоттарға қаражат аудару күрт өскен. Банктің берген статистикасына қарағанда, өткен сейсенбіге дейін күніне орта есеппен 2 мың адам аударым жасап отырған. Ал хабарлама шыққаннан кейін бұл көрсеткіш тәулігіне 38 мың адамға жеткен. Осылайша бір аптада еңбек етуге қабілетті 170 мың қазақстандық арнайы платформада зейнетақы қорындағы ақшасын алуға өтініш қалдырған.

Президент кеше зейнетақы жинақтарының шекті межесін келер жылдың сәуіріне дейін көтермеуді тапсырды. Экономист маман бұл қадамды қоғамның теріс реакциясына жауап деп ойлайды.

Жарас АХМЕТОВ, ЭКОНОМИСТ:

Енді әлеуметтік салада кішкене жағдай тұрақталды деген үкімет зейнетақы қорындағы шектік межені көтеруге шешім қабылдап, қордағы ақшаның шығысын тежеуге әрекеттеніп көрді. Алайда, биліктегілер ойлағандай болмай шықты. Халық дүрбелеңге түсіп, зейнетақы есепшотындағы қаржысын алып қалуға әрекеттенді. Яғни, кері реакция берді. Десе де, кешегі үш айға ұзарту бастамасы мәселені толық шешпейді.


А. Базарбай