Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Оралда 21 жастағы қызды айуандықпен өлтірген күдіктіге ауыр жаза талап етуде

AstanaTV
25.01.2022ж. 20:00
1253
Оралда 21 жастағы қызды айуандықпен өлтірген күдіктіге ауыр жаза талап етуде

Оралда 21 жастағы қызды жауыздықпен өлтіріп, мәйітін өртеп жіберген күдіктінің соты басталды. Марқұмның туыстары сотталушыға ең ауыр жаза берілуін талап етіп отыр. Ал күдікті марқұмды түсінде жиі көріп, қиналып жүргенін айтып, туыстарынан кешірім сұрады.  Сот отырысына қатысқан тілшіміз Еркін Карин толығырақ айтады.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

21 жастағы Анастасия Чёрная былтыр 13-қыркүйекте жоғалып кеткен еді. Оның хабарсыз кеткеніне алаңдаған туыстары алдымен полицияға хабарласыпты. Кейін іздеу ісіне еріктілер де ат салысты. Бірақ Анастасияның өртеніп, күлге айналған мәйіті қала сыртындағы тоғайдан табылды. Марқұмның артында екі жасар қызы қалды.

Ауыр қылмыс жасады деген айып тағылған 28 жастағы  күдікті марқұммен сауда үйінде танысыпты. Тіпті мәрттік танытып, Настяға несие рәсімдеуге көмектескен. Бірақ  қыз  жігіттің жеке куәлігін өзінде қалдырыпты. Кейін күдікті оны оңаша жерге шақырып, кездеспек болған.

Анастасия СЕМИЛИДИ, ОРАЛ ҚАЛАСЫ ПРОКУРОРЫНЫҢ АҒА КӨМЕКШІСІ:

Күдікті Анастасияны күшпен ұстап, қылғындырған. Қолымен жоғары көтеріп, басын бетон қабырғаға соққан. Осы ауыр соққыдан марқұм бірден есінен айрылып қалған, кейін көз жұмған.

Қылмысын жасырмақ болған күдікті мәйітті орманға апарып, бензин құйып  өртеп жіберген. Мұндай айуандықпен жасалған қылмыс үшін   ол ауыр жазалануы тиіс деп талап етіп отыр.

Светлана ЛОБАНОВА, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:

Күдікті өз сөзінен тайқып, айтқанын қайта-қайта өзгертіп жатыр. Айтуынша, есінде ештеме қалмапты. Бірақ біздің талабымыз – оған ең ауыр жаза берілсін! Жиенім жетім қалды, мен сүйікті қызымнан айрылдым. Мұндай айуанға аяу болмасын!

Ал күдіктінің  туыстары соттың рақымшылық танытуын сұрайды. Өйткені оның да кішкентай қызы тірі жетім қалмақ.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Сотталушы  кінәсін мойындады. Тіпті өзі өлтірген Анастасияны түсінде  жиі көретінін де жасырмады. Туыстарынан кешірім сұрады. Егер оның  кінәсі дәлелденсе,  12 жылға дейін сотталуы мүмкін.

Е. Карин