$494.87 €520.65 ₽4.91
×

«Жастар жат ағымның жетегінде кетпеуі керек», - Бас мүфти

AstanaTV
15.03.2022ж. 20:00
2067
«Жастар жат ағымның жетегінде кетпеуі керек», - Бас мүфти

Қазақстан мешіттеріне келушілердің 80 пайызы - жастар. «Қаңтар оқиғасында» экстремистік ұйымдар дәл осы буыны бекімеген жастарды  өз мүддесіне пайдалануға тырысты, - дейді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы. Сондықтан жастардың жат ағым жетегінде кетпеуін қадағалау – "Жаңа Қазақстанның" алдындағы басты мақсаттың бірі деп қосты. Осы ретте, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы елордада «Жалынды жастар ынтымағы» республикалық форумын өткізді.

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ, ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАР ДІНИ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ, БАС МҮФТИ:

Енді ол жердегі жаппай жастардың шығуында дін мәселесі де айтылып жатыр. Теріс ағымға қатысты. Қазіргі таңда біз осы жағдайдың бәрін ескере келе, барынша ақпараттық алаңдағы жұмысты күшейтуді қолға алдық. Жастарымызды барынша дәстүрлі дінімізге баулуға тырысып жатырмыз. Және де үлкен бір жобаны қолға алдық. «Бабалар ізімен» деген ұлттық мұсылмандық мектебімізді құрып жатырмыз.
 

Елде 35 жасқа дейінгі 6 млн азамат бар. Ресми ақпарат бойынша, оның 24 мыңы жұмыссыз. Форумға қатысқан «AMANAT» партиясы жанындағы Жастар қанатының жетекшісі Нұржан Жетпісбаев шындығында NEET санатындағы жастардың саны бұдан да көп дейді. Олардың нақты санын, жүйелі проблемаларын анықтап, шешу үшін партия «Өрлеу» және «Қайсар» жобаларын қолға алған.  

Нұржан ЖЕТПІСБАЕВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Өрлеу жобасы бұл ауыл жастарының әлеуетін арттыруға арналған. Бұл жерде 7 бағыты болады: жұмыссыздық мәселесі, ауыл жастарының білім мәселесі, бос уақытын өткізу мәселесі, денсаулық, тиімді жаңа жобаларды іске асыру мәселесі. Біздің есептеуімізше, 400-ден астам ауылдық елді-мекендерде  осы жылдың ішінде аралап, ауыл жастарымен жолығып, сол мәселелерді шешу бойынша нақты бір кейстерді талқылау бойынша жұмыс жүргіземіз.

А. Съезбек